ПРЕЗИДЕНТ АҚИҚАТТЫҢ АЙТЫЛҒАНЫН, АЛ, АТҚАРУШЫ БИЛІК ЖАСЫРҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды.

Заң «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

Жаңа Заңда «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері ескеріліп, тың ережелер енгізілген. Осыған байланысты ескі құжаттар күшін жояды.

Жаңалығы сол бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілген.

Мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа құру көзделген. Оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған процесі) журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттер қарастырылған.

Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленген. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Яғни, журналистің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі, сондай-ақ «Масс-медиа туралы» Заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарын журналист мәртебесі деп түсіну керек.

Ал, шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер жарияланған күннен бастап 1 жыл деп белгіленген. Сондай-ақ, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібі де жетілдірілген.

БАҚ-тың сұратуларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бұл журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді. Осылайша ақпараттың өзектілігі сақталады. Әйтпегенде, сұрау салған орындардан жауап келгенше, жаңалықтың жаңалығы қалмайтын еді. Десе де мұның өзі көптік етеді. Себебі мемлекеттік құрылымдардың барлығында статистикалық мәліметтер мен жұмыс барысы күн тәртібінде тұратындықтан уақытты созбалау қисынсыз сияқты.

БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеу мақсатында Заңда қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделген. Кеңестер республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылуы мүмкін делінген. Өкінішке қарай Заң жобасы барлық журналистердің талқы-таразынынан өткен жоқ. Атқарушы билік кімді таңдап шақыртты тек солармен талқыланғаны жасырын емес.  Ал, жаңа Заңға сәйкес қоғамдық кәсіптік кеңестер құру – Журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік береді дейді. Бұл тұста аймақтарда БАҚ құралдарын алалау барын айтқан жөн. Кім әкімдіктер жайлы жақсы айтады, солар жиналыстарға шақырылып, Президенттің саясаты жайына қалып жатады. Керек десеңіз мәслихаттың тұрақты комиссия отырыстарына қатыстырылмайды. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарынан әкімдіктердің шикіліктерін жасырудың бір тәсілі деп түсінеміз.

Ал, гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдірілді. Ұлттық теле-радио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық теле-радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Қазақ тілді аудиторияға арналған кей дүниелер тамашалауға қолайсыз уақыттарға қойылмаса деген тілек бар.

Отандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді.

Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты таратуға және (немесе) жариялауға тыйым салынады.

Жаңа Заңның егжей-тегжейін түсіндіру үшін медиа сарапшылар арнайы вебинарлар өткізбекші. Бұл да болса өзара талқылаудан қайда тәуір екен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистер қауымын ақиқат айтудан танбауға шақырғанын ұмытпаған абзал. Алайда, шыншыл журналистердің аузын буатын әрекеттер атқарушы билік тарапынан тиылса игі еді.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады деп хабарлайды, Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото ашық интернет көзінен алынды.