СОЗАҚТЫ 9 АДАМ ТАЗАРТТЫ

Созақ ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылып, оған 9 мыңға жуық тұрғын белсене атсалысты. Ауқымды шараға ауданның барлық мекеме-кәсіпорын қызметкерлері, белсенді жастар және жергілікті халық бір кісідей жұмылды.

Тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында 18 бірлік арнайы техника тартылып, әр мекемеге бекітілген аумақтар бойынша абаттандыру және санитарлық тазалау шаралары жүзеге асырылды. Атап айтқанда, елді мекендердің ішкі көшелері, қоғамдық кеңістіктер, саябақтар мен арық жүйелері тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қоғамдық көлік аялдамалары ретке келтірілді.

Сенбілікке аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов қатысып, тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарына үлес қосты. Ол жауапты сала жетекшілеріне нақты міндеттер жүктеп, жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын тапсырды. Сонымен қатар, бірқатар ұжымдар Түркістан бағыты бойындағы «Жасыл белдеу» аумағында еңбек етті.

Аталған аймақта 30 мыңнан астам көшет егілген. Сенбілік барысында 20 мыңға жуық жас ағаштың түптері әктеліп, күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жалпы, мұндай игі бастамалар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жанашырлығын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Тазалық – тек көріктілік кепілі ғана емес, сонымен қатар халық денсаулығын сақтаудың, жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын құрудың маңызды факторы болып табылады.