ТҰРҒЫНДАРҒА ТҰРҒЫН ҮЙ АЛУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Арыс қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың бірқатар мәселелерін тыңдады. Кездесу барысында тұрғындар баспанамен қамту, тұрғын үй кезегіне тіркелу және жалдамалы пәтер алу мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі азаматтарға тұрғын үй мәселесін шешудің қолданыстағы тәртібін түсіндірді.
25 мамырдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезек қалыптастыру және баспананы бөлу жөніндегі функциялар жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банкке» берілді. Аталған өзгерістер Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңнамасына енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою рәсімі электронды форматта «Отбасы банктің» тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы арқылы жүргізіледі. Азаматтар өтінішті orken.otbasybank.kz платформасы арқылы бере алады. Бұл жүйе өтініш иесінің деректерін мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде тексереді.
Мемлекеттік тұрғын үйді, соның ішінде жергілікті атқарушы орган жалға алған баспананы үлестіру де бірыңғай электронды жүйе арқылы белгіленген талаптарға сай жүргізіледі. Азаматтарды іріктеу олардың тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қойылған күні мен заңнамада белгіленген шарттар негізінде жүзеге асырылады.
Осыған байланысты облыс әкімі тұрғындарға баспана кезегіне қатысты барлық мәселе бойынша «Отбасы банк» арқылы бекітілген тәртіппен өтініш беруге болатынын түсіндірді. Сонымен қатар жауапты мамандарға азаматтарға қажетті мәліметтерді толық әрі түсінікті түрде жеткізуді тапсырды.
