ІРІ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖОБА МЕРЗІМІНДЕ АЯҚТАЛАДЫ

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында ірі энергетикалық және өнеркәсіптік жобалардың жүзеге асу барысын зерделеп, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2029 жылға қарай электр энергиясын артығымен өндіруге мүмкіндік беретін деңгейге жету стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Осы міндетті орындау және елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайту мақсатында жаңа генерациялық қуаттарды қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.

Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев Сайрам ауданында салынып жатқан қуаты 1113,4 МВт болатын «Түркістан» бу-газ қондырғысының құрылыс барысын көрді. Ол бұл жобаның оңтүстік аймақтардағы электр энергиясы тапшылығын төмендету, қосымша генерациялық қуаттарды іске қосу және тұтынушыларды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.

Бүгінде құрылыс алаңында барлығы 2 455 адам жұмыс істеуде. Оның ішінде 2 281 маман күндізгі, 174 қызметкер түнгі ауысымда еңбек етеді. Негізгі технологиялық жабдықтар, соның ішінде газ және бу турбиналары мен кәдеге жаратушы қазандықтар толық көлемде жеткізілген. Siemens компаниясының төрт газ турбиналық қондырғысы түгелдей құрастырылып, тиісті іргетастарына орналастырылған.

Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарының 62%-ы, электр желілерін жүргізу жұмыстарының 96%-ы аяқталған. Газ құбырының құрылысы толық біткен. Жоба аясында барлығы жеті ұңғыма қазу көзделген. Бүгінде екі ұңғыма іске қосылып, тәулігіне 960 текше метр су өндіріп отыр. Ал стансаның алғашқы қуатын іске қосу үшін тәулігіне 240 текше метр су жеткілікті. Бұдан бөлек, энергетикалық нысанға қатынайтын ұзындығы 3,1 шақырым кірме жол пайдалануға берілген.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары құрылыс жұмыстарының қарқынына тоқталып, жобаны бекітілген кестеге сәйкес аяқтау қажеттігін ескертті.

«Бұл – Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы стратегиялық нысан. Сондықтан құрылыс жұмыстары созбалаңға салынбай, белгіленген уақытта аяқталуы тиіс. Жыл соңында бірінші қондырғыны іске қосып, сынақтан өткіземіз. Ал 2027 жылдың мамырында электр желілеріне 382 МВт, тамыз айында тағы 382 МВт қуат беріліп, қыркүйекте жалпы 764 МВт пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырсыздар. Ендігі міндет – жұмыс қарқынын одан әрі арттыру. 2028 жылдың наурыз-мамырына белгіленген толық қуатқа шығу мерзімін мүмкіндігінше 2027 жылдың соңына дейін жеделдету қажет.

Ауқымды станса толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысын ғана емес, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысын да электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Құрылыс жұмыстарының қарқыны айтарлықтай артқаны байқалады. Жыл басында дайындық деңгейі 15% болса, бүгінде 62%-ға жетті. Үкімет пен әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Сіздердің басты міндеттеріңіз – жұмысты тиімді үйлестіріп, өздеріңіз қабылдаған міндеттемелерді толық орындау», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

 

Жұмыс сапарының келесі бағыты Түлкібас ауданындағы «Састөбе» инновациялық кешені болды.

Аталған кешен – аймақтағы химия өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға, сондай-ақ импортты алмастыратын отандық өнімдер өндірісін жолға қоюға арналған ауқымды инвестициялық бастама. Жоба толық қуатында жұмыс істеген жағдайда жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 млн тонна цемент өндіру жоспарланған.

Өткен жылы кешеннің әк өндіру желісі іске қосылып, бүгінде шығарылған өнім Қазақстанның металлургиялық кәсіпорындарына және құрылыс материалдарын өндіретін компанияларға жөнелтілуде.

Инвестициялық жобаның алдағы кезеңдерін жүзеге асыру мерзімі қаржыландыру мәселелеріне байланысты қайта қаралған. Осыған орай туындаған мәселелер кеңінен талқыланып, жауапты мемлекеттік органдарға қаржыландырудың балама көздерін пысықтау, инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысын аяқтау және инвестициялық жобаның белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.