ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ НЫСАНДАР ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бағамдады.

Алдымен ол Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығын аралап, кәсіпорынның қазіргі жұмысымен және жылу жүйелерін қайта жаңарту шараларымен танысты.

1952 жылы пайдалануға берілген жылу электр орталығы қала халқын, әлеуметтік мекемелер мен өндірістік кәсіпорындарды жылумен қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық нысан саналады. 2024 жылы стансадағы №7-12 қазандықтарға жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, технологиялық процестерді автоматты түрде басқару жүйесі орнатылды. Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеген ТГ-6 турбинасы қайта пайдалануға қосылды.

Қаладағы жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігін күшейту мақсатында 14,5 шақырым магистральдық және 14,6 шақырым орамішілік жылу құбырларын жаңарту жұмыстары қолға алынған.

Бұдан кейін Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан қаласындағы заманауи денсаулық сақтау нысандарын аралады. Алғашқы болып 80 орынға арналған №3 перинаталдық орталықтың жаңадан бой көтерген ғимаратының жұмысымен танысты.

Аталған жоба Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы екіжақты әріптестік шеңберінде «Абу-Даби» даму қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда.

Медициналық кешен төрт блоктан құралған. Мұнда жүктілік патологиясы, босанғаннан кейінгі күтім бөлімдері, босану және операция жасау залдары, реанимация мен қарқынды терапия бөлімшелері, сондай-ақ мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелерге арналған арнайы орындар қарастырылған.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталып, орындалу көрсеткіші 100%-ды құрады. Медициналық құрал-жабдықтар екі кезең бойынша сатып алынуда. Бүгінде қажетті жабдықтармен қамту деңгейі 75%-ға жеткен. Нысанды желтоқсан айында пайдалануға беру көзделген. Орталық іске қосылған кезде 70 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ облыс орталығында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс дайындығы 88%-ды құрайды. Құрылыс алаңында 300 адам жұмыс атқаруда.

Бұдан бөлек, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтерген 26 бес қабатты тұрғын үйді аралап көрді.

Тұрғын үй кешендерінің құрылысын жүргізуге 28,2 млрд теңге қарастырылған. Жұмыстар өткен жылдың шілде айында басталып, биылғы мамырда толық аяқталған. Жаңа тұрғын үйлерде жалпы саны 1 039 пәтер орналасқан.

Жұмыс сапарын қорытындылаған Нұрлыбек Нәлібаев жауапты басшыларға құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау, нысандарды белгіленген кестеге сәйкес аяқтау, Кентау қаласындағы жылу желілерін жаңғыртуға қажетті қаржы мәселесін реттеу, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы жүзеге асуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді.