ЖҮГЕРІДЕН 28 ӨНІМ ШЫҒАРАДЫ

Түркістан облысының Шардара ауданында «Қазкрахмал» ЖШС-нің жүгеріні терең өңдеуге арналған жаңа өндіріс орны іске қосылды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 150 мың тонна шикізатты құрайды. Жоба аясында 500 жаңа жұмыс орны ашылған.

Заманауи технологиялармен жабдықталған зауыт өндіріс барысында қалдық көлемін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Мұнда жүгеріні өңдеу деңгейі 98 пайызға дейін жетеді.

Кәсіпорын жұмысының алғашқы кезеңінде модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және өзге де өнімдер өндіріледі. Өндіріс толық қуатына көшкен соң өнім түрлері 28 атауға дейін көбейеді. Олардың қатарында терең өңдеу арқылы алынатын мальтодекстрин, меласса, сироптар және аралас салаларда кеңінен қолданылатын басқа да тауарлар бар.

Жаңа зауытты тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысында жүгері егілетін жер көлемін біртіндеп арттыру және тамшылатып суару технологиясын кеңінен енгізу көзделген. Бұл бастама су қоры тапшы өңір үшін ерекше маңызды. Өйткені жүгері дақылы күрішке қарағанда суды аз тұтынады.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан астық өндіру мен оны шетелге жеткізу бойынша дәстүрлі түрде жетекші елдердің қатарында. Соңғы үш жылда елімізде дәнді дақылдардан жыл сайын 24 млн тоннадан астам өнім жиналған. Мұндай көрсеткіш ішкі нарықтың сұранысын өтеумен және экспорттық әлеуетті сақтаумен қатар, отандық астық өңдеу саласын дамытуға да жол ашады.

«Басты мақсатымыз – астықты тек шикізат күйінде экспорттаумен шектелмей, одан қосылған құны жоғары дайын өнім өндіруді жолға қою. Қазіргі уақытта Қазақстанда жылына жалпы 510 мың тонна астықты терең өңдеуге қауқарлы үш кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

 

Биыл Жамбыл облысында жылына 500 мың тонна жүгері өңдейтін Fufeng Group кешенінің алғашқы кезеңі пайдалануға берілді. Сонымен бірге төрт ірі инвестициялық жоба әзірленіп, жүзеге асырылуда. Оның екеуі Ақмола облысында, біреуі Қостанай облысында және тағы бірі Астана қаласында орналасқан.

Жоспарланған жаңа өндірістік қуаттар елімізде астық шикізатын терең өңдеу көлемін жылына 5,8 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін ұлғайтып, өңделген ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын арттыруға негіз болады», – деді Серік Жұманғарин.