АУЫЛ ӘЛЕУЕТІ, ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ: ҚАЗЫҒҰРТТАҒЫ КҮН ТӘРТІБІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапары аясында жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен халықты толғандырған мәселелерді талқылады.

Өткен сегіз айда Қазығұрт ауданының жалпы өңірлік өнімі 102,8 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,8 пайызға жоғары. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 39,6 млрд теңгені құрап, 36 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 56,1 млрд теңгеге жетіп, өсім 61,7 пайыз болды. Сонымен қатар аудан биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыстық рейтингте үшінші орынға тұрақтады.

Нұралхан Көшеров: 

– Ауданның әлеуеті зор. Ендігі міндет – осы өсімді нақты нәтижелермен бекітіп, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру. Инфрақұрылымдық жобалар сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылып, халықтың күнделікті тұрмысындағы мәселелер кезең-кезеңімен шешілуі керек, – деді.

Ауданда елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы тоғыз елді мекенде жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылды. Биыл жол жөндеу жұмыстарына 755 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Жіңішке және Қосағаш ауылдарындағы электр желілерін жаңғыртуға 197 млн теңге қарастырылған. Шарбұлақ ауылында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта Атажұрт және Еңбекші ауылдарын табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау да назардан тыс қалған жоқ. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы 632,4 млн теңгеге 69 жоба қаржыландырылды. Ал биыл 1,2 млрд теңге көлемінде 109 жобаны қолдау жоспарланып отыр.

 

Ауданның әлеуметтік нысандарын дамыту аясында 2024 жылы «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсында бас жүлдеге ие болған Шарбұлақ ауылында 500 млн теңгеге заманауи спорт кешені салынды.

Өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендердің тазалығын сақтау мәселесіне де назар аударды. Ол «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы іске асырудың маңызын атап өтіп, туған өлкені таза ұстау мен көгалдандыруға әрбір тұрғын жауапкершілікпен қарауы қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ жұртшылықты ортақ іске белсенді атсалысуға шақырды.

Кездесу барысында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар жөнінде баяндама жасады.

Жиынның ашық форматта өтуі тұрғындарға өздерін толғандырған сауалдарды қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізуге мүмкіндік берді. Азаматтар ауданның дамуына қатысты мәселелерді көтеріп, өзекті сұрақтарын ортаға салды.

Кездесу соңында Түркістан облысының әкімі тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдау кезінде азаматтардың өтініштері тыңдалып, көтерілген мәселелер бақылауға алынды.