«AUYL INVEST FEST. БАЛЫҚ АУЛАУ — 2026» АТТЫ АЛҒАШҚЫ ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, балық шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытында Түркістан облысында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл сала облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында. Аталған бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Түркістан облысы әкімдігі мен «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «AUYL INVEST FEST. Балық аулау – 2026» атты алғашқы халықаралық фестиваль өтті.

Фестивальдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, туризм саласын дамыту, балық аулау спортына қызығушылықты арттыру, сондай-ақ отандық және шетелдік балықшылар арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау және өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету.

Іс-шараның ашылу салтанатына «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов, «Ауыл» партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Төрегелді Қалмұратов, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әжіметов қатысып, фестивальдің маңыздылығын атап өтті.

Фестиваль аясында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде ағаш отырғызу жұмыстары да ұйымдастырылды.

«Rauan Ranch» демалыс аймағында өткен балық аулау жарысына еліміздің түрлі өңірлерінен және жақын, алыс шетелдерден келген 10 команда қатысты. Қатысушылар қалқымалы қармақпен балық аулау, жағадан спиннингпен аулау және фидерлік бағыттағы спорттық жарыстарда өзара бақ сынасты.

Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Қалқымалы қармақ бойынша бірінші орынды Шымкент қаласының командасы иеленсе, екінші орын Қырғызстан Республикасына, үшінші орын Түркістан облысына бұйырды. Спиннинг бойынша Қызылорда облысы көш бастап, Жамбыл облысы екінші орынға тұрақтады, ал үшінші орынды Қырғызстан командасы иеленді. Фидерлік балық аулау сайысында Қырғызстан спортшылары жеңіске жетіп, Шымкент қаласы екінші, Қызылорда облысы үшінші орын алды. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар, жеке номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. Атап айтқанда, «Ең ірі балық», «Ең ұсақ балық» және «Ең көп балық аулаған қатысушы» аталымдары бойынша жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Бас төрешінің мәліметіне сәйкес, ең үлкен балықтың салмағы 3,2 келіні, ал ең кішкентай балықтың салмағы 50–70 граммды құрады.

Бүгінде Түркістан облысында 180-нен астам балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Өңірде тіркелген 100-ден астам су айдынының 70-тен астамында балық шаруашылығы жолға қойылған.

Шардара ауданында жылдық қуаттылығы 12 мың тоннаға дейін балық өнімін өндіретін төрт ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жалпы, жасанды жолмен балық өсіру көрсеткіші бойынша Түркістан облысы республикада алдыңғы қатарда. Өткен жылы жоспарланған 7 467 тонна өнім толық көлемде өндірілді. Саланы дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде субсидиялау және инвестициялық жобаларды қаржыландыру қарастырылған.

Қазіргі уақытта өңірде жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, шетелдік және отандық инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.

«AUYL INVEST FEST. Балық аулау – 2026» фестивалі ауыл еңбеккерлері мен сала мамандарының еңбегін насихаттап, балық шаруашылығының тұрақты дамуына, өңір экономикасының өсуіне және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал ететін маңызды алаңға айналды.

Алдағы уақытта аталған фестивальді дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарлануда.