ЗАМАНАУИ БОРДАҚЫЛАУ КЕШЕНІ: ЖАЙЫЛЫМДЫ ҮНЕМДЕУДІҢ ОҢ ШЕШІМІ
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында америкалық технологиямен жабдықталған заманауи мал бордақылау кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Құны 4,3 млрд теңгені құрайтын жоба бір мезгілде 5 мың бас ірі қараны бордақылауға арналған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапары кезінде Қақпақ ауылдық округіне барып, «Қарқын-2030» ЖШС іске асырып жатқан инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде осындай инвестициялық бастамалардың алар орны ерекше екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және инвестиция тартуға басымдық беріп отырмыз. Әсіресе, мал шаруашылығында заманауи технологияларды енгізіп, өндіріс көлемін арттыру маңызды. Бұл жоба ауданның экономикалық дамуына серпін беріп, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да осындай бастамаларды қолдап, ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалануға күш саламыз, – деді.
16 гектар жерді алып жатқан кешеннің құрылысы 2025 жылы басталған. Қазіргі заман талаптарына сай бой көтерген нысанда өндірістік үдерістерді автоматтандыру, жем-шөп әзірлеу, малды күтіп-ұстау және қалдықтарды басқару жүйелері қамтылған.
Кешен ветеринариялық, санитариялық және технологиялық нормаларға сай қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Жоба шеңберінде жалпы 5 нысан салу жоспарланған. Бүгінде соның 4-еуінің құрылысы толығымен аяқталды. Кешенді толық өндірістік қуатына биыл шығару көзделіп отыр. Жоба іске асқан кезде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда кешенге 3700 бас ірі қара қабылданып, оның 2500 басы бордақыланған.
Инвестициялық жоба Қазығұрт ауданының мал шаруашылығындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған. Сонымен бірге ет өндіру көлемін арттырып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.
