«AQ-DALA – 2026»: МАҚТАШЫЛАР МЕРЕКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысында Дүниежүзілік мақта күніне орай «AQ-DALA – 2026» салтанатты іс-шарасы өтті. Отырар ауданы Қарақоңыр ауылдық округіндегі «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС алқабында өткен жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, өңір тұрғындары мен еңбеккерлер қатысты.
Облыс әкімі мақташыларды мерекемен құттықтап, саладағы жетістіктерге тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Биыл облыста мақта 173,6 мың гектарға егілді. Маусым қорытындысымен 556 мың тонна өнім жинау көзделуде (32 ц/га). Қазір 91 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылады. Жекелеген алқаптарда гектарына 60 центнерге дейін өнім алынуда.
Біздің мақсатымыз – мақтаны өсірумен шектелмей, одан түсетін табыстың көбірек бөлігін өз өңірімізде қалыптастыру. Осы бағытта мақта өсіруден бастап өңдеу, жіп иіру және дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі толық тізбекті қамтитын елімізде теңдесі жоқ кластер қалыптасып келеді. Біз Түркістан мақтасын шикізат күйінде ғана өткізбей, оны терең өңдеп, дайын өнімге айналдыратын заманауи өндіріс жүйесін қалыптастыруды көздейміз – деді.
Іс-шара барысында бір топ озат еңбеккерге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ олар «Құрмет» грамотасы және Түркістан облысы әкімінің мақта шаруашылығының үздігі дипломымен марапатталды.
2030 жылға дейін облыста жалпы құны 212,6 млрд теңге болатын 5 кластерді іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде жылына 229,5 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС 52 мың гектарға мақта егіп отыр. Жалпы қуаты 180 мың тонна болатын 2 мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспасы мен ПВХ құбырларын өндіретін зауыттар және жіп иіру фабрикасы іске қосылған. 1200 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта тағы 2 мақта өңдеу зауыты мен жылына 5 мың тонна мақта тұқымын өндіретін зауыт салу жоспарланған.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағында жылына 45 млн шаршы метр тоқыма емес материал өндіретін және 45 млн шаршы метр мата бояйтын зауыттар, 7 млн жиынтыққа дейін тоқыма бұйымдары мен киім шығаратын тігін фабрикасы, сондай-ақ джинс маталарын өндіретін кәсіпорын іске қосылмақ.
Облыстағы 29 мақта өңдеу зауыты мен 169 қабылдау бекеті жылына 1 млн тоннадан астам шитті мақтаны қабылдап, өңдей алады. Саладағы 25 мыңға жуық агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді.
2025 жылы облыста 466 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналып, орташа түсімділік гектарына 32 центнерге жетті. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Мерекеде ауыл шаруашылығы технологиялары мен жергілікті өнімдер көрмесі ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.
