ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ОРТАЛЫҒЫ ТҮРКІСТАНДА ҚҰРЫЛАДЫ
Қазақстанның бастамасымен Түркістан төрінде іргетасы қаланған Түркі өркениеті орталығы – түркі әлемінің рухани, ғылыми және мәдени ынтымақтастығын жаңа сапалық деңгейге көтеретін тарихи жоба. Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған стратегиялық саясаттың нақты жемісі, түркі халықтарының ортақ тамыры мен болашаққа бағытталған бірлігінің айқын көрінісі. Түркістанның қасиетті топырағында бой көтеретін бұл кешен тек сәулеттік нысан ғана емес, мыңжылдықтар қойнауынан бастау алатын ортақ өркениеттің терең болмысын танытатын, тарихи жадымызды жаңғыртатын, келер ұрпақтың рухын асқақтататын бірегей орталық болмақ.
Түркістан – күллі түркі дүниесінің алтын бесігі, рухани астанасы. Осы киелі мекенде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының қатысуымен жаңа орталықтың қазығы қағылуының символдық мәні өте зор. Бұл – тарихи сабақтастықтың, рухани үндестіктің және бауырлас халықтардың ортақ құндылықтарға деген адалдығының белгісі. Орталықтың негізгі мақсаты – түркітілдес халықтарды әлем тарихында өшпес із қалдырған, мемлекет құру дәстүрі қалыптасқан, терең философиялық танымы бар ұлы өркениет ретінде кеңінен таныту.
Жаңа кешенде түркі дүниетанымының іргелі ұғымдары – Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала және Өмір ағашы көркем әрі заманауи архитектуралық шешімдер арқылы бейнеленеді. Бұл идеялар түркі халықтарының дүниеге көзқарасын, табиғатпен үйлесімін, еркіндік пен елдікке негізделген өмір салтын көрсетеді. Орталықтың мазмұндық құрылымы да терең ойластырылған. Экспозициялар бірнеше тақырыптық аймаққа бөлініп, ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихи кезеңдерді, мемлекеттердің қалыптасуын, ұлы тұлғалардың мұрасын, әдебиет пен өнердің өркендеуін жан-жақты қамтиды.
Ерекше атап өтерлігі, орталықта виртуалды және толықтырылған шынайылық, голография, жасанды интеллект, иммерсивті дыбыс пен жарық технологиялары кеңінен қолданылады. Бұл тарихи деректерді құрғақ ақпарат ретінде емес, шынайы әсерге толы интерактивті тәжірибе ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Осылайша, Түркі өркениеті орталығы әлемдік деңгейдегі заманауи мәдени-инновациялық хабқа айналып, халықаралық туристер мен зерттеушілердің қызығушылығын арттырады.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған көреген саясатының нақты көрінісі. Президент Қазақстанның түркі әлеміндегі тарихи жауапкершілігін терең түсінеді және елдің рухани көшбасшылық миссиясын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Оның бастамаларының арқасында Қазақстан тек экономикалық және саяси тұрғыдан ғана емес, мәдени-гуманитарлық бағытта да түркі халықтарын ұйыстыратын негізгі орталықтардың біріне айналды.
Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында бауырлас елдердің президенттеріне Қазақстанның GovTech цифрлық шешімдері таныстырылды. Бұл – еліміздің тек тарихи мұраны жаңғыртып қана қоймай, технологиялық болашақты да бірге қалыптастыруға ұмтылып отырғанын көрсетеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму саласына басымдық беру – Қазақстанның жаңа экономикалық модельге көшудегі батыл қадамы.
Қазақстан бүгінде Starlink және OneWeb спутниктік технологияларын енгізіп, кең жолақты интернетке қолжетімділікті арттыруда. Транскаспий талшықты-оптикалық желісі мен өңірдегі ең ірі суперкомпьютерлердің іске қосылуы еліміздің цифрлық егемендігін нығайтады. Ал қуаты 1 гигаваттан асатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы Қазақстанды жасанды интеллект есептеулерінің халықаралық орталығына айналдыруға жол ашады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан eGov AI, AlemGPT және alem.ai сияқты жобалар мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, инновациялық экожүйені қалыптастыруда. Бұл бастамалар Қазақстанның технологиялық дамудағы өңірлік көшбасшылық позициясын айқын көрсетеді.
Білім беру саласында да ауқымды өзгерістер жүзеге асуда. TUMO Center for Creative Technologies үлгісіндегі орталықтар, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы AI бағдарламалары жаңа буынның заманауи технологияларды еркін меңгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан, Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан бірлесіп әзірлеп жатқан CubeSat жерсерігі түркі елдерінің ғылыми-техникалық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді.
Көлік және логистика саласын цифрландыру, жасанды интеллект арқылы транзиттік үдерістерді оңтайландыру, сондай-ақ Алматыда БҰҰ қолдауымен Цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығын ашу туралы шешім – Қазақстанның халықаралық беделінің артқанын көрсететін маңызды жетістіктер. Бұл бастамалардың барлығы Президенттің жүйелі реформалары мен нақты нәтижеге бағытталған саясатының жемісі.
Түркі өркениеті орталығы мен цифрлық трансформация жобаларының қатар жүзеге асуы Қазақстанның дамуының бірегей моделін айқындайды. Бір жағынан, халқымыздың терең тарихи тамыры мен мәдени мұрасы жаңғырады; екінші жағынан, озық технологияларға негізделген жаңа экономиканың негізі қаланады. Бұл – дәстүр мен инновацияны ұштастырған, ұлттық рух пен жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қатар дамытқан кемел саясат.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары Қазақстанды түркі әлемінің рухани, мәдени және технологиялық орталығына айналдыруда. Түркістанда бой көтеретін Түркі өркениеті орталығы – ұлттың тарихи санасын жаңғыртатын мәңгілік мұра болса, жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым жобалары – елдің болашақтағы өркендеуінің берік кепілі. Бұл бастамалар халқымыздың бірлігін бекемдеп, бауырлас елдердің ынтымағын нығайтып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін жаңа биікке көтереді. Ұлт тарихын ұлықтап, технологиялық болашақты бірге қалыптастырып отырған Мемлекет басшысының көреген саясаты ел дамуының жаңа дәуірін айқындап отыр.
Мөлдір Нұрман
