ТҮРКІСТАН ДЕКЛАРАЦИЯСЫ: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖАҢАША ДАМУЫ

Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті түркі әлемінің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын айқын көрсетті. Жиында сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі халықаралық жағдайдың күрделене түскенін, әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсекенің күшейіп, қарулы қақтығыстар мен соғыстардың экономикалық тұрақтылыққа теріс әсер етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осындай алмағайып кезеңде түбі бір түркі халықтарының ауызбіршілігі бұрынғыдан да маңызды. Өйткені түркі мемлекеттерін ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ тарих, тіл, мәдениет және өркениеттік құндылықтар байланыстырады. Сондықтан бүгінгі міндет – осы рухани жақындықты нақты экономикалық, технологиялық және саяси ынтымақтастыққа айналдыру.

 

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бірлігі әлемдік саясатта ерекше рөл атқаратынын айтты. Бұл ұйым әскери немесе геосаяси блок емес, бірақ Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты нығайтып, сауда, инвестиция, көлік, энергетика, цифрлық даму және гуманитарлық салада ықпалдастықты тереңдететін ықпалды алаңға айналып келеді. Түркі елдерінің жиынтық экономикалық, демографиялық және географиялық әлеуеті өте жоғары. Олардың Еуропа мен Азияны байланыстыратын стратегиялық дәліздерде орналасуы, табиғи ресурстарға бай болуы және жас, білімге ұмтылған халқы ұйымның жаһандық маңызын арттырады. Егер түркі мемлекеттері цифрлық экономика, жасанды интеллект, ғарыш технологиялары мен білім саласында күш біріктірсе, олар халықаралық саясатта технологиялық және экономикалық дербестігі бар жаңа ықпалды орталық ретінде танылады.

 

Саммиттің басты тақырыптарының бірі цифрлық даму мен жасанды интеллект болды. Мемлекет басшысы XXI ғасырдағы бәсекенің негізгі өлшемі саналатын инновация мен технологияларға тоқталып, цифрлық трансформацияны дер кезінде жүзеге асырған елдер ғана тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатынын алға тартты. Сондықтан түркі мемлекеттері технологиялық жаңғыру үдерісінен шет қалмай, ортақ жобалар арқылы жаңа мүмкіндіктерді игеруі қажет. Жасанды интеллект пен цифрландыру түркі әлемінің экономикалық серпілісіне жол ашып, жаңа сапалы даму кезеңін қалыптастыруы тиіс.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы бағыттағы стратегиялық қадамдарын бүкпесіз жария етті. Аз уақыттың ішінде Қазақстан өзін цифрлық мемлекет ретінде қалыптастыруды ұлттық басымдыққа айналдырды. 2026 жыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылып, екі суперкомпьютер іске қосылды. Келесі кезеңде деректерді өңдеу орталықтарының ірі кластері құрылмақ. Бұл бастама аймаққа жетекші технологиялық компаниялар мен жаһандық цифрлық капиталды тартуға мүмкіндік береді. Қазақстан шетелдік кәсіпкерлерге, инвесторларға және жоғары білікті мамандарға арналған «Алтын визаны» енгізіп, елді Орталық Азиядағы технологиялық хабқа айналдыруды көздеп отыр. Сонымен бірге Цифрлық кодекс қабылданып, Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді. Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі президенттік жарлыққа қол қойылып, Digital Qazaqstan стратегиясы әзірленуде.

 

Президент бұған дейін Әзербайжанның Габала қаласында өткен кездесуде көтерілген бастамаларды да еске салды. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық мониторинг орталығы мен Цифрлық инновациялар орталығын құру, сондай-ақ Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес қалыптастыру ұсынылды. Бұл құрылымдар мүше елдердің цифрлық инфрақұрылымындағы осал тұстарды анықтап, киберқауіптерге бірлесіп қарсы тұруға мүмкіндік береді. Қазақстан осы бастамалар бойынша тұжырымдамалар әзірлеп, серіктес мемлекеттерге ұсынды.

 

Саммит барысында Президент түркі елдерінің болашағына тікелей әсер ететін жеті ірі мәселені көтерді. Бірінші мәселе – электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тану. Бұл бастама сауда мен инвестицияны жеделдетіп, кедендік және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеді, ортақ цифрлық нарықтың негізін қалайды. Екінші мәселе – ғарыш саласындағы ынтымақтастық. Спутниктік байланыс, навигация, мониторинг және «CubeSat-12U» секілді ғылыми жобалар арқылы түркі мемлекеттері технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, жаһандық бәсекеде өз орнын күшейте алады. Үшінші мәселе – білім мен ғылымға қажетті мамандар даярлау. Осы мақсатта түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құру, Қазақстанда ашылатын Жасанды интеллект университетінде бауырлас елдердің жастарына грант бөлу және жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада өткізу ұсынылды. Төртінші мәселе – IT хабтардың бірлескен орталығын құру. «Turkic AI» деп аталатын бұл орталық Astana-дағы Alem.ai базасында орналасып, стартаптар мен инновациялық жобаларды бір алаңға тоғыстырады. Бесінші мәселе – Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция қабылдау. Бұл тарихи-мәдени құндылықтарды қорғауға құқықтық негіз қалыптастырады. Алтыншы мәселе – жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған көптілді цифрлық платформа әзірлеу. Бұл жоба ортақ мұраны әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Жетінші мәселе – Түркістанда Түркі өркениеті орталығын құру. Бұл ғылыми зерттеулер, мәдени бағдарламалар және білім беру жобалары үшін ортақ зияткерлік орталыққа айналмақ.

 

Осы бастамалардың жүзеге асуына Түркі инвестициялық қоры қаржылай қолдау көрсетуі тиіс. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жеткен қор енді нақты инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларды қаржыландыруға көшті. Бұл түркі кеңістігіндегі стартаптар мен жоғары технологиялық жобалардың дамуына жол ашады.

 

Саммитте рухани және мәдени құндылықтарға да ерекше назар аударылды. Президент жасанды интеллект пен озық технологиялар дәуірінде ұлттық болмыс пен тарихи жадының маңызын ұмытпау қажеттігін айтты. Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру мақсатында мемлекетаралық терминологиялық комиссия құру ұсынылды. Бұл ғылым мен білімдегі ұғымдарды біріздендіріп, ортақ ғылыми кеңістікті қалыптастыруға ықпал етеді.

 

Қазақстан сондай-ақ Түркияның «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдады. Бұл жаңа формат Ұйымның ынтымақтастық аясын кеңейтіп, басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды ортақ жобаларға тартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Президент Түркі мемлекеттері ұйымының әскери альянс емес екенін нақты айтты. Оның басты мақсаты – сауда-экономикалық, технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту. Бұл ұстаным ұйымның бейбіт, прагматикалық және болашаққа бағытталған сипатын көрсетеді.

 

Саммит қорытындысында қабылданған Түркістан декларациясы түркі мемлекеттерінің ортақ стратегиялық бағыттарын бекітті. Декларацияда цифрлық трансформация, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, ғылым, білім, ғарыш саласы, тарихи мұраны сақтау және экономикалық ықпалдастықты тереңдету жөніндегі міндеттемелер көрініс тапты. Бұл құжат түркі әлемінің XXI ғасырдағы даму бағдарламасына айналып, мүше мемлекеттердің нақты қадамдарын үйлестіретін саяси негіз қалыптастырды.

 

Түркістандағы бейресми саммит түркі халықтарының бірлігі тек тарихи ұғым емес, нақты технологиялық, экономикалық және мәдени жобалар арқылы жүзеге асатын стратегиялық күш екенін дәлелдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамалар Қазақстанның өңірлік көшбасшылыққа ұмтылысын ғана емес, тұтас түркі әлемінің жаңа өрлеу кезеңіне қадам басқанын көрсетті. Егер осы ұсыныстар толық іске асса, Түркі мемлекеттері ұйымы Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықтың, инновацияның және өркениеттік ынтымақтастықтың негізгі тіректерінің біріне айналмақ.

 

Мөлдір Нұрман