АҚЖАЙЫҚТАҒЫ ҮЙЛЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Шымкент қаласында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Соның айқын дәлелі ретінде Ақжайық шағынауданында 50 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Бұл – ел азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Салтанатты рәсімге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қоныс иелерін қуанышты сәтпен құттықтады.

 

Қала басшысы жаңа пәтерге ие болған отбасыларға ақжарма тілегін арнап, әр шаңыраққа құт-береке, молшылық, тыныштық пен шаттық тіледі. Сонымен қатар, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Бұл бастама – Мемлекет басшысының халықтың тұрмыс сапасын арттыру, қолжетімді тұрғын үй санын көбейту жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын көрсетеді.

 

Жаңа тұрғын үйлер Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқан Ақжайық шағынауданында орналасқан. Заманауи талаптарға сай салынған пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға, оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға берілді. Бұл санатқа көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және өзге де бюджет саласында еңбек ететін қызметкерлер кіреді.

 

Пәтерлер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында, азаматтардың төлем қабілеттілігін растау негізінде Отбасы банк арқылы жүзеге асырылатын «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары бойынша ұсынылды. Бұл бағдарламалар тұрғындарға төмен бастапқы жарнамен және тиімді пайыздық мөлшерлемемен баспана алуға мүмкіндік береді. Соның арқасында көптеген қазақстандықтар өздерінің көптен күткен баспанасына қол жеткізіп отыр.

 

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мұндай жан-жақты қолдау – ел азаматтарына деген шынайы қамқорлықтың көрінісі. Тәуелсіз Қазақстанда халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, баспанамен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жыл сайын қарқын алып келеді. Әсіресе, көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға және жас мамандарға жасалып жатқан қолдау шаралары мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының тиімділігін айқын аңғартады.

 

Баспана – әр отбасының бақыты мен берекесінің бастауы. Сондықтан 50 отбасының жаңа қонысқа ие болуы – тек олардың жеке қуанышы ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды оқиға. Бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуының, ел экономикасының нығаюының және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты саясаттың жемісі.

 

Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан мұндай игі бастамалар тұрғындардың ертеңге деген сенімін күшейтіп, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты арттыра түседі. Ел Президентінің тапсырмалары аясында қолға алынған тұрғын үй бағдарламалары алдағы уақытта да мыңдаған отбасының баспаналы болуына жол ашатыны сөзсіз. Мемлекеттің осындай қамқорлығының арқасында қазақстандықтардың тұрмысы түзеліп, әр шаңырақта шаттық пен қуаныш салтанат құруда.