ОБЛЫСТА КЛИМАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан қаласында жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жөніндегі ірі пилоттық жобаның салтанатты іске қосылу рәсімі өтті. Бұл – Орталық Азия кеңістігінде осындай ауқымда жүзеге асырылып отырған алғашқы бастама. Осылайша Қазақстан климаттық технологияларды нақты тәжірибеде қолдануға көшкен аймақтағы тұңғыш мемлекет ретінде жаңа кезеңге қадам басты. Жоба елдің оңтүстігіндегі су тапшылығын азайтуға, ауыл шаруашылығы алқаптарын сенімді сумен қамтамасыз етуге және су қоймаларының толу деңгейін арттыруға бағытталған. Жобаның толыққанды өндірістік кезеңі 17 мамырдан басталады.
Бұл бастама, ең алдымен, Түркістан облысындағы жалпы аумағы 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге тікелей әсер ететін құрғақшылық тәуекелдерін төмендетуге арналған. Соңғы жылдары өңірде жауын-шашынның азаюы, өзен ағындарының құбылмалылығы және трансшекаралық су ресурстарына тәуелділік ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай қысым түсіріп келеді. Осыған байланысты жауын-шашынды жасанды түрде ынталандыру технологиясы табиғи ылғал қорын көбейтіп, егіншілік пен мал шаруашылығының тұрақтылығын арттырудың тиімді тетігі ретінде қарастырылуда.
Жиында сөз алған аймақ басшысы жобаны жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді.
Нұралхан Көшеров:
— Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан егін алқаптарын тұрақты суару, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізу – біз үшін өте маңызды. Бүгінде бүкіл әлем климаттың өзгеруі, жауын-шашын көлемінің азаюы және су ресурстарының тапшылығы сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығына тәуелді өңірлер үшін судың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне әрдайым көңіл бөліп келеді.
Президентіміз кеше қадірлі қонағымыз Абдулла Ахмед Әл Мандус мырзамен өткізген кездесуінде Дүниежүзілік метеорология ұйымының климат, су ресурстары және табиғи апаттардың алдын алу бағытындағы маңызды рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін жеткізді. Бұл – мемлекеттің осы бағыттағы жүйелі саясаттың айқын көрінісі.
Бүгінгі ұсынылып отырған Жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы — болашаққа бағытталған бірегей жоба. Бұл озық технология Орталық Азия елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда, дәлірек айтқанда Түркістан облысында қолға алынуда. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылды. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады. Біріккен Араб Әмірліктерінен келген білікті инженерлер, ғалымдар мен пилоттар жергілікті мамандармен бірге жұмыс істеуде. Алдағы уақытта жергілікті инженерлер мен техникалық мамандарды оқыту жұмыстары жүргізіледі. Айта кету керек, жобаны толықтай Біріккен Араб Әмірліктері қаржыландырып отыр. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы біз алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнімділігін арттырамыз. Ең бастысы — өңірдің экологиялық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі нығаятын болады,- деді.
Жоба БАӘ Ұлттық метеорология орталығы-мен стратегиялық әріптестік аясында іске асырылуда. Бұл орталық 1980-жылдардың соңынан бері ауа райын модификациялау және бұлттарды ұрықтандыру саласында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді және әлемдегі осы бағыттағы жетекші ғылыми-тәжірибелік құрылымдардың бірі саналады. Көпжылдық тәжірибе, заманауи авиациялық шешімдер және дәл метеорологиялық модельдеу Қазақстанға озық технологияларды енгізуге және отандық кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым президенті әрі БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Ахмед Әл-Мандус, Мұхаммад Саид Мұхаммад Әл-Арики және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Жаслан Мәдиев өз сөзінде Қазақстанның климаттық орнықтылықты қамтамасыз ету жолында нақты практикалық қадам жасап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба – ғылымға, халықаралық серіктестікке және цифрлық шешімдерге негізделген заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастырудың бастауы. Сонымен қатар жоба технологиялар трансферін жүзеге асырып қана қоймай, қазақстандық метеорологтарды, инженерлерді, ұшқыштарды және басқа да салалық мамандарды даярлауға негіз қалайды.
Халықаралық ғылыми бағалаулар бойынша бұлттарды ұрықтандыру технологиялары қолайлы метеорологиялық жағдайда табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін орта есеппен 10–20 пайызға дейін арттыра алады. Кейбір өңірлерде қысқа мерзімді нөсерлер мен қар мөлшерінің артуы су қоймаларының толуына, жерасты суларының қорын толықтыруға және ауыл шаруашылығы маусымын тұрақтандыруға оң ықпал еткен. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері бұл технологияны ұзақ жылдар бойы қолданып, құрғақ климат жағдайында жергілікті су ресурстарын толықтыру мүмкіндігін кеңейтті. Қытай бірнеше провинцияда қар мен жауын көлемін арттыру арқылы су қоймалары мен гидротехникалық нысандардың толу деңгейін жақсартқанын хабарлаған. Америка Құрама Штаттары-ның батыс штаттарында, әсіресе таулы аймақтарда жүргізілген қысқы бұлттарды ұрықтандыру бағдарламалары көктемгі еріген су көлемін көбейтіп, су қоймаларының қорын толықтыруға септігін тигізді. Сауд Арабиясы мен Франция да ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқару мақсатында осындай технологияларды қолдану тәжірибесін оң бағалап келеді. Бұл елдердің тәжірибесі жасанды жаңбыр технологиясының дұрыс жоспарланған жағдайда су қауіпсіздігін күшейтуге нақты үлес қоса алатынын көрсетеді.
Түркістан облысында жоба суға сұранысы жоғары аудандарда, ең алдымен ауыл шаруашылығы басым аумақтарда жүзеге асырылады. Нақты жұмыс жүргізілетін аймақтар метеорологиялық ахуалға, бұлттардың физикалық сипаттамасына, экологиялық жағдайға және суға қажеттілік деңгейіне қарай анықталады. Бұл үдеріс Қазгидромет мамандары мен тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен жүргізіледі. Технологияның әсер ету радиусы жергілікті сипатта болып, 5 шақырымнан аспайды. Ол ауқымды циклондар немесе өңірлік климаттық жүйелерді өзгертпейді, тек табиғи түрде қалыптасқан бұлттардағы ылғалдың конденсациялану үдерісін күшейтуге бағытталған.
Жұмыстарды орындау үшін халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады. Бұл заттар бұлт құрамындағы ұсақ су тамшыларының іріленуін жеделдетіп, жауын-шашынның түсу ықтималдығын арттырады. Әдіс көптеген мемлекеттерде ондаған жыл бойы қолданылып келеді және белгіленген экологиялық талаптар сақталған жағдайда қоршаған ортаға елеулі қауіп төндірмейді.
Жобаның күтілетін нәтижелері ауқымды. Біріншіден, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету тиімділігі артады. Екіншіден, құрғақшылық салдарынан болатын шығын көлемі қысқарады. Үшіншіден, егін өнімділігі мен мал азығы қорының тұрақтылығы жақсарады. Төртіншіден, су қоймалары мен ирригациялық жүйелердің толығу мүмкіндігі артып, өңірдің жалпы су қауіпсіздігі күшейеді. Алдын ала экономикалық бағалаулар бойынша жобаның ықтимал тиімділігі жылына 35 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Ынтымақтастық аясында БАӘ мамандары Түркістан облысының қызметкерлерін арнайы оқытып жатыр. Оқыту бағдарламасына метеорологтар, авиация мамандары, инженерлер және техникалық персонал қатысуда. Бұл Қазақстанда климаттық технологиялар бойынша жаңа кәсіби құзыреттер қалыптастыруға және болашақта осындай жобаларды өз күшімізбен жүзеге асыруға жол ашады.
Жобаның табысты іске асуы оның еліміздің басқа өңірлеріне кезең-кезеңімен кеңейтілуіне мүмкіндік береді. Су тапшылығы байқалатын облыстарда осындай технологияларды енгізу агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттырып, климаттық өзгерістерге бейімделу деңгейін күшейтеді. Сонымен қатар бұл бастама Қазақстанның климаттық инженерия, гидрометеорология және цифрлық экожүйе салаларындағы ғылыми әлеуетін дамытуға серпін береді.
Жобаны жүзеге асыруға Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Көлік министрлігі, Қаржы министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Энергетика министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі, Азаматтық авиация комитеті, Казаэронавигация және Қазгидромет секілді мемлекеттік органдар мен ұйымдар қатысуда.
Түркістанда басталған бұл жоба – жай ғана технологиялық эксперимент емес. Бұл – Қазақстанның су қауіпсіздігін күшейтуге, ауыл шаруашылығын қолдауға, климаттық тәуекелдерді азайтуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық қадам. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дұрыс қолданылған жағдайда жасанды жауын-шашын технологиялары су қоймаларының толықтырылуына, ауыл шаруашылығының тұрақтануына және экономикалық өсімге нақты үлес қоса алады. Қазақстан осы озық тәжірибені игере отырып, климаттық орнықты даму жолындағы жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр.
