АЛТЫН ОРДА ТАРИХЫ — ҰЛТ ТАРИХЫНЫҢ АЖЫРАМАС ДӘУІРІ

Астанада өткен Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұны мен тарихи ауқымы жағынан айрықша мәнге ие бағдарламалық баяндама жасап, Алтын Орданың әлемдік өркениет тарихындағы орнын жан-жақты ашып көрсетті. Мемлекет басшысы өз сөзін: «Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді» деген тұжырыммен бастап, бұл мемлекеттің Батыс пен Шығысты жалғаған, түрлі өркениеттердің дамуына және көптеген мемлекеттердің қалыптасуына зор ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғанымен, бұл тақырыптың өзектілігі ешқашан жойылмайды. Өйткені Жошы Ұлысының шынайы тарихи болмысын тану – ұлттық жадыны жаңғыртудың ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ өткенін әділ түсінудің маңызды жолы.

 

Президент бұл мәселенің ұлт жылнамасы үшін де, әлем тарихы үшін де ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, Қазақстан халықаралық ғылыми қауымдастықпен бірлесе отырып, Алтын Орда тақырыбын жүйелі әрі жан-жақты зерттеуді жалғастыра беретінін мәлімдеді. Ол Қазақстан бастамаларына қолдау көрсеткен UNESCO басшылығына ризашылығын білдіріп, бұл симпозиумның дәл осындай беделді халықаралық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-маңызы зор екенін көрсететінін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастықтың арқасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері және бірқатар көне қалалардың Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгенін, сондай-ақ «Хандар шежіресі» қолжазбасының жаһандық деңгейде мойындалғанын атап өтті. Бұл Қазақстанның тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жүйелі жұмысының нақты нәтижесі екені сөзсіз.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих» деп атап көрсетті. Оның айтуынша, бұл тақырып Ресей, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Мысыр, Қырғызстан, Өзбекстан және Еуропа елдерінің ғалымдарының назарын аударып, бүкіл әлемдік ғылыми қауымдастықты біріктіріп отыр. Президент мұндай ауқымды зерттеу жұмыстары халықтарды қарсы қою үшін емес, оларды өзара жақындастыру үшін қажет екенін ерекше атап өтті. Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі әрі сан қырлы кезеңі ретінде қарастырады. Бұл тақырыпқа үстірт қарау тарихи шындықты бұрмалап, мемлекеттер мен халықтар арасындағы сенімге сызат түсіруі мүмкін. Сондықтан, Мемлекет басшысының пікірінше, тарихқа әділ әрі саяси тұрғыдан бейтарап баға беру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

 

Президент «Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын қадап айтты. Ол әлемдік тарихта ірі державалардың үстем түсіндірмелері салдарынан көшпелі халықтардың мемлекет құрудағы рөлі төмендетіліп келгенін атап өтті. Қазақстанда осы ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталды. Алайда Президент өткенді әсірелеуге де қарсы екенін нақты айтты. Оның пікірінше, тарихты бір халықтың меншігіне айналдыру немесе ғылыми объективтіліктен ауытқу ғылымның құлдырауына және өзара сенімнің жоғалуына әкеледі. Сондықтан тарихшылардың миссиясы – қайшылықтар туғызу емес, ғылыми дипломатия арқылы халықтар арасындағы алтын көпір салу.

 

Баяндаманың аса маңызды бөлігі Алтын Орданың интеллектуалдық және рухани негіздеріне арналды. Президент бұл феноменді Ұлы далада мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан зияткерлік кеңістіктен бөліп қарауға болмайтынын айтты. Әбу Насыр әл-Фараби әділдікке, білімге және адамгершілікке негізделген қоғам туралы ілім қалдырса, Қожа Ахмет Ясауи жалпы мұсылмандық құндылықтар мен жергілікті рухани дәстүрлерді ұштастырып, «түркілік исламның» негізін қалады. Президент «Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды» екенін атап көрсетті. Бұл рухани сабақтастық кейін Абай Құнанбайұлы шығармашылығында жалғасып, «Толық адам» тұжырымдамасы арқылы кемел тұлға тәрбиелеудің формуласына айналды. Мемлекет басшысы осы идеялық жүйені өңірге тән табиғи идеологиялық субстанция ретінде бағалап, оның әлемдік маңызы зор екенін айтты.

 

Президент Алтын Орда дәуірінен жеткен әдеби және музыкалық мұраға да ерекше тоқталды. Биыл Ақсақ құлан күйінің шыққанына 800 жыл толатынын атап өтіп, оны домбыраның шанағынан шыққан Ұлы даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы деп бағалады. Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Доспамбет жырау секілді жыраулардың мұрасы мен «Ер Едіге», «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» жырлары қазақ, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ және басқа халықтардың ортақ қазынасы ретінде бағаланды. Бұл – Алтын Орда кезеңінің мәдени кеңістігі бүгінгі күнге дейін үзілмей жеткенінің айқын дәлелі.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін ерекше атап өтті. Жошы Ұлысының аумағы 6 миллион шаршы шақырымға созылғанымен, оның қуаты жер көлемінде емес, институционалдық негіздерінің беріктігінде болды. Президенттің айтуынша, Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі қызметін атқарды. Мемлекеттік аппаратта меритократия қағидаты берік орнығып, темірдей тәртіп пен мінсіз қызметке ерекше назар аударылды. Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті, Шыңғыс хан енгізген «Ұлы жасақ» және ислам құқығы өзара үйлесіп, заң үстемдігін қамтамасыз етті. Нәтижесінде әртүрлі этнос пен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп, адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қорғалды. Тіпті тарихтағы «Ұлы дүрбелең» кезеңінде де бұл жүйе өзінің тұрақтылығын сақтап, кейін Еуразиядағы көптеген мемлекеттердің басқару тәжірибесіне ықпал етті.

 

Экономикалық тұрғыдан алғанда, Президент Алтын Орданы көшпенділік пен отырықшылықтың үйлесім тапқан, тұрақты ақша және салық жүйесі бар, халықаралық сауданы жүйелі дамытқан мемлекет ретінде сипаттады. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын толық бақылауда ұстаған Жошы Ұлысы Қытайдың жібегін, Үндістанның дәмдеуіштерін, Ресейдің тері өнімдерін, Еуропа мен Таяу Шығыстың қолөнер бұйымдарын еркін тасымалдауға жағдай жасады. Археологтар тапқан көптеген теңгелер мен тиын сарайлары бұл кезеңдегі ақша айналымының кең ауқымын дәлелдейді. Президент Қазақстанның ұлттық валютасы – Қазақстан теңгесі атауының «данг» сөзінен тарайтынын атап өтіп, мұны Ұлы далада дамыған қаржы жүйесінің нақты айғағы ретінде бағалады. Ол «Жошы Ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды» деп мәлімдеді.

 

Мемлекет басшысы қазіргі Қазақстанның Алтын Орданың тікелей мұрагері екенін айқын айтты. Жаңа Конституцияда Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз ретінде бекітілген. Президенттің сөзімен айтқанда: «Біз – мемлекет ісінде “Мәңгілік Ел” идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз». Бұл тұжырым Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи негізін тереңнен тартып, ұлттық сананың өзегін нығайтады. Сонымен бірге, бұл елдің тәуелсіз дамуы кездейсоқ құбылыс емес, ғасырлар бойы жалғасқан саяси, мәдени және рухани эволюцияның заңды жалғасы екенін көрсетеді.

 

Президент нақты алдағы міндеттерді де белгіледі. Оның бастамасымен Қазақстанда Жошы Ұлысын зерттеу институты құрылды – бұл осы тақырыпты терең зерттеуге арналған тұңғыш ғылыми мекеме. Қазақстан тарихының академиялық көптомдығында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр. Фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып, спектакльдер қойылып, көрмелер ұйымдастырылып, ескерткіштер орнатылуда. Алайда Мемлекет басшысы мұнымен шектеліп қалмай, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Дала өркениетін зерттейтін арнайы халықаралық орталық құруды ұсынды. Сондай-ақ шетелдік ғалымдарды жұмылдырып, іргелі баспа жобаларын қолға алу, жаңа ғылыми еңбектер мен халықаралық экспедициялар ұйымдастыру қажеттігін айтты. Бұл бастамалар Алтын Орда мұрасын әлемдік ғылыми айналымға жаңа деңгейде енгізуге бағытталған.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи мұраны қазіргі заман құндылықтарымен және озық технологиялармен ұштастырудың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тарихты зерттеу – өткенмен өмір сүру емес, болашақтың көкжиегін кеңейту. Осы мақсатта Президент жақында жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойды. Биыл Қазақстанда ЮНЕСКО қолдауымен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада өткізіліп, оған жүзден астам елден оқушылар мен студенттер қатысады. Сонымен қатар Астанада AI Film фестивалі өтеді, жаңа цифрлық және көлік дәліздері, мәліметтерді сақтау орталықтары ашылады. Президент бұл бастамаларды Ұлы Жібек жолын заманауи сипатта жаңғыртумен байланыстырды. Яғни Қазақстан тарихи миссиясын қайта жаңғыртып, көне өркениеттік тәжірибені цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерімен ұштастыруға кірісті.

 

Сөзінің қорытындысында Мемлекет басшысы «Тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды» деп атап көрсетті. Тарих халықтарды бөлу үшін емес, оларды жақындастырып, әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға қызмет етуі керек. Осы мақсатта Қазақстан түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайтуды, Орталық Еуразияның экономикалық және технологиялық әлеуетін арттыруды, ғылыми дипломатияны дамытуды жан-жақты қолдайды. Президент симпозиумды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғанын және оның қорытындысы бойынша қабылданатын арнайы қарар Алтын Орда тарихын зерттеу жұмысына жаңа серпін беретінін айтты.

 

Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық симпозиумдағы баяндамасы Алтын Орда мұрасын терең зерттеудің, тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің, ұлттық бірегейлікті нығайтудың және Қазақстанның жаңа өркениеттік стратегиясын қалыптастырудың жан-жақты бағдарламасына айналды. Президент Алтын Орданы өткеннің жәдігері ретінде емес, қазіргі Қазақстанның рухани, институционалдық және геосаяси болмысын айқындайтын тарихи негіз ретінде көрсетті. Оның бастамалары ғылымды, мәдениетті, технологияны және халықаралық ынтымақтастықты тоғыстыра отырып, Қазақстанды Орталық Еуразиядағы жаңа ренессанстың жетекші күшіне айналдыруға бағытталған. Бұл – ата-баба мұрасын терең түсініп, оны XXI ғасырдың талаптарына сай жаңғырту арқылы болашақты сенімді түрде құруға ұмтылған елдің айқын стратегиялық бағыты.