АССАМБЛЕЯҒА 30 ЖЫЛ

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған XXXIV сессиясы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш ұйымның құрылуы қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мен ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналғанын айтты.  Ұлттық мүддені қорғап, егемендігімізді нығайтудың қастерлі парыз екенін Ассамблея мүшелері терең сезінеді деген сенім білдірді.

Президент Ассамблеяның отандастарды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеп, Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту басты міндеті болып қала беретінін айтты.

2022 жылы Президент пәрменімен Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасын бекітілген еді. Биыл оның мерзімі де аяқталып келеді. Енді 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарды айқындайтын жаңа құжат әзірленбек. Тұжырымдамада қоғамды ұйыстырып, үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа әдіс-тәсілдер көрініс тауып, еліміздегі барлық этностардың құқықтарын қорғауға арналған негізгі қағидаттар көрсетіледі.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта атқарылатын басқа да бірқатар маңызды міндеттерге тоқталды. Түркістанда ашылған «Достық» үйін Алматы облысында салу, басқа қалалар мен аудан орталықтарында ашуды, сондай-ақ, түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея құруды, аймақтарда ұйым жұмысын жандандыруды атқарушы билікке тапсырды. Барлық Достық үйлерін туристік бағыттар картасына енгізу ұсынылды. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымы кеңейтіліп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге таратылмақшы. Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

Екіншіден, ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды. Бұл – Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе, журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет. Салалық министрлік, өңір әкімдері ҚХА журналистер клубының құрамына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысының бірыңғай алгоритмін жасауы керек. Қазақстандағы этностардың тілінде шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн,— деді.

 

Мемлекет басшысы «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыруда мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдалануды, Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлерін көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда ұйымдастырудың маңыздылығын атады. Этномәдени бірлестіктер жинаған бірегей өнер және этнографиялық жеке коллекциялардың еліміздің мәдени мұрасына айналдыруға жарайтынын айтты.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев:

Кейбір мемлекеттер үшін этникалық әралуандылық сын-қатердің, сенімсіздік пен төзбеушіліктің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бұл біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стратегиялық артықшылығымыз.

Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары. Осы құндылықтарға арқа сүйей отырып, біз Тәуелсіздіктің зор жетістіктерін сақтап, еселеп, келер ұрпаққа аманаттай аламыз.

Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз. Біз өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген, өз тағдырын өзі шеше алатынына көптің көзін жеткізген, болашаққа нық қадам басқан біртұтас ұлтпыз. Осынау тар жол, тайғақ кешуде еліміздің тәуелсіздігі мен дербестігін нығайтып, барлық қиындықты еңсеріп, мақсатымыздан айнымаймыз,-деді.