САПАЛЫ БІЛІМ БОЛАДЫ
Шымкенттегі мектептерде педагогтердің кәсіби біліктілігін дамыту, оқу үдерісін цифрландыру негізінде білім сапасын көтеру үшін «САПАЛЫ БІЛІМ» кешенді дамыту жобасы әзірленіп жатыр. Жоба Білім басқармасының құрылымдық бөлімшелері, әдістемелік орталық, біліктілікті арттыру орталықтары және барлық орта мектептер арқылы іске асырылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.
Жобаның идеясы — педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін, білім сапасының мониторингі мен тәрбие жұмыстары мен басқару жүйесінің сапасын арттыру, оқыту сапасын жақсарту үшін жоғары дәрежелі мұғалімдер мен директор орынбасарларының тәжірибесін тарату, жоғары нәтижеге қол жеткізу.
Сонымен қатар оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатымен «Оқылым», «Жазылым», «Тыңдалым» және «Айтылым» дағдыларын кешенді түрде дамыту қолға алынбақ. Жалпы білім беру үрдісін жаңғыртуға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге және әдістемелік қолдауды күшейтуге бағытталған кешенді іс-шаралар қабылданады.
Білім беру ісінде жасанды интеллект және цифрлық технологияларды тиімді пайдалана бастады. Ұстаздар мен оқушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыру, инновациялық құралдарды меңгеру мен білім беру процесінің сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Осыған байланысты Шымкент қаласында инновация мен цифрлық оқытуды дамытуға бағытталған бірыңғай білім беру экожүйесін қалыптастыру көзделіп отыр.
