5 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барып, Жамбыл ауылдық округінде орналасқан «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық бастамалардың құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қазіргі уақытта жалпы аумағы 102,3 гектарды алып жатқан экономикалық аймақта жалпы құны 100,9 млрд теңге болатын 5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Жоспарланған бастамалардың нәтижесінде 845 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Барлық жобаны толық аяқтап, іске қосу 2028 жылға белгіленген.
Сапар аясында облыс әкіміне арнайы экономикалық аймақтағы инфрақұрылымдық жұмыстар мен өндірістік нысандардың құрылыс барысы таныстырылды. Атап айтқанда, «BNK Group Ltd» компаниясына тиесілі 8 қойманың құрылысы толығымен аяқталған. Қазіргі таңда нысандарды кәсіпкерлердің пайдалануына беру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, құны 75 млрд теңгені құрайтын Hanya International Holdings компаниясының логистикалық орталық салу жобасы, «Food Waste» ЖШС-нің қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі, «КАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС-нің металл өңдеу зауыты және «Мақтаарал Xing Feng» мақта өңдеу кәсіпорнының құрылыс жобалары таныстырылды.
«Мақтаарал Xing Feng» ЖШС-нің өндірістік кешені пайдалануға берілген жағдайда жылына 10 мың тонна мақта талшығын және 10 мың тонна мақта мен өсімдік майын өңдеу жоспарланып отыр. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде 100 жаңа жұмыс орны ашылады.
Өңір басшысы өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, шикізатты терең өңдеу бағытындағы жұмыстарды күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын жақсарту, өңірлерді дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы бағытта жұмысты жандандырып, аудандарда жұмыс орындарын көбейту керек. Жобаларды сүйемелдеу, инвесторларды тарту жұмысы күшейтілсін, – деді облыс әкімі.
