ЖОЛДАУ АЯСЫНДА ӨҢІРДІҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ ҰСЫНЫЛДЫ
Түркістан облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтарды өңірде жүзеге асыру мәселелеріне арналған облыс активінің отырысы ұйымдастырылды. Басқосуды облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жүргізді.
Жиында Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жергілікті деңгейде орындау тетіктері, экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық нысандарды жаңарту, инвестициялық ахуалды жақсарту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану жайы сөз болды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің негізгі бағыттарын белгілейтін маңызды құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ ондағы тапсырмаларды өңірдің әлеуеті мен ерекшеліктеріне сай жүзеге асырып, нақты нәтижелерге қол жеткізу керектігін айтты.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы жаппай құрылыс пен инфрақұрылымды жаңғыртуға, көлік-логистика жүйесін жетілдіруге, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуге айрықша басымдық берді. Бұл міндеттер халқының саны 2,1 миллионнан асатын Түркістан облысы үшін ерекше маңызды. Сондықтан Жолдаудағы әрбір тапсырма нақты іспен және халықтың тұрмысындағы оң өзгерістермен өлшенуге тиіс. Әрбір басшы өзіне жүктелген міндеттің орындалуына дербес жауап беріп, нәтижеге жұмыс істеуі қажет, – деді.
Аймақ басшысы өз баяндамасында 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау бастамасының Түркістан облысы үшін маңыздылығына тоқталды. Алдағы жылы облыстық бюджеттен 34,2 млрд теңге қарастырып, 36 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге үш жобаға жобалау-сметалық құжаттама әзірленбек. Жыл соңына дейін 31 нысанның құрылысын аяқтап, ел игілігіне беру көзделген. Бұдан бөлек, әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтар үшін 496 жалдамалы пәтер салу міндеті тұр.
Денсаулық сақтау саласындағы құрылыс жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында 80 орынға арналған перзентхананы биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. 2027 жылы облыс аумағында 32 медициналық нысан бой көтермек. Сонымен қатар Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана, ал Сарыағаш ауданында перинаталдық орталығы қамтылған медициналық кешен салынуда.
Энергетика саласындағы жобалар өңірдің өндірістік және тұрмыстық қажеттіліктерін тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда Сайрам ауданында қуаты 1 000 МВт болатын бу-газ электр станциясының, Сауран ауданында қуаты 300 МВт күн электр станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Көлік қатынасын жақсарту және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту бағытында «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі мен Сарыағаш қаласының айналма жолы салынып жатыр. Сондай-ақ Түркістан қаласының шығыс айналма жолының құрылысын бастау жоспарланған. Бұл бастамалар облыстың көлік инфрақұрылымын жетілдіріп, жүк тасымалының жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Жиында цифрландыру және жасанды интеллектіні түрлі салаға енгізу мәселелеріне де айрықша назар аударылды. Түркістан қаласында 2 300 студентке арналған Woosong IT университеті ашылып, білім ордасында жасанды интеллект, үлкен деректерді талдау, киберқауіпсіздік және бағдарламалау салалары бойынша кадрлар даярлануда. Облыс әкімі жаңа технологияларды мемлекеттік басқару жүйесінде, әлеуметтік қызметтер көрсетуде, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте кеңінен қолданудың маңызын атап өтті.
Аграрлық сектордың өнімділігін арттыру, сондай-ақ жергілікті шикізатты терең өңдеу мәселелері де талқылау өзегіне айналды. Жаңа технологияларды пайдалану арқылы мақта егілетін алқап көлемі өткен жылы 52 мың гектарды құраса, биыл 91 мың гектарға дейін ұлғайған. 2030 жылға дейін жалпы құны 213 млрд теңге болатын бес мақта-тоқыма кластерін құру жоспарланып отыр. Аталған жобалар толық іске қосылғанда жылына 230 мың тонна дайын өнім шығаруға және 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.
Өңірдің экономикалық қуатын нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында индустриялық аймақтар мен «TURAN» арнайы экономикалық аймағындағы өндірістік жобаларды іске асыру жалғасуда. Бүгінде облыста 21 индустриялық аймақ қызмет атқарады. Оларға 66 млрд теңге инвестиция тартылып, 60 кәсіпорын жұмысын бастаған. Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктер желісін кеңейту арқылы отандық өндіріс көлемін көбейтуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге және экспорттық әлеуетті күшейтуге басымдық берілуде.
Экономикалық көрсеткіштерді жақсартумен қатар қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады. Басқосу барысында «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жас буынның құқықтық сауаттылығын көтеру және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Жиын аясында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Асылан Ибадуллаев, Woosong University Kazakhstan университетінің әкімшілік істер бойынша деканы Джонг Енг Хва және Кентау көпсалалы колледжінің оқытушысы Диларам Анарбаева пікір білдірді. Олар Жолдауда көтерілген бастамаларды жүзеге асыруға қатысты ұсыныстары мен пайымдарын ортаға салды.
Басқосу соңында белгіленген міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындау, жауапты құрылымдардың өзара іс-қимылын үйлестіру және әрбір тапсырманың жүзеге асырылу барысын тұрақты бақылау қажеттігі қорытындыланды.
Алға қойылған ортақ мақсат – Түркістан облысының экономикалық әлеуетін еселеп, инфрақұрылымы заманауи, тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз аймаққа айналуына негіз қалау.
