ЗАМАНАУИ КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Кәсіпкерлер күніне орай Түркістан облысында жаңа үлгідегі көрме орталығы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, ауданның қадірлі ақсақалдары және еліміздің басқа аймақтарынан арнайы келген меймандар қатысты.
Жаңа нысан Түркістан қаласына жақын орналасқан Сауран ауданындағы өндірістік парк аумағында бой көтерген. Екі қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі – 4428 шаршы метр. Оның 2 592 шаршы метрі көрме экспозицияларына бөлінсе, қалған 1 836 шаршы метрін әкімшілік және тұрмыстық мақсаттағы кешен құрайды.
Орталықта көрме кеңістігінен бөлек, қызметтік кабинеттер, конференц-зал, лобби, кофехана, асхана және өзге де қажетті бөлмелер жабдықталған. Сондай-ақ ғимарат ішіне көлемі 358,5 шаршы метрді құрайтын ауқымды LED-экран орнатылған.
Аталған кешен халықаралық дәрежедегі көрмелерді, жәрмеңкелерді және түрлі қоғамдық-іскерлік шараларды ұйымдастыруға толық мүмкіндік береді. Нысанның ашылуымен қатар мұнда «Түркістанда жасалған» өнімдер көрмесі ұйымдастырылып, Кәсіпкерлер күніне арналған республикалық форум өткізілді.
