БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысының Сауран ауданындағы «Sauran» шағын өндірістік паркіне қарасты Көрме орталығында Қазақстан кәсіпкерлері күніне арналған салтанатты форум ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, еліміздің 10-нан астам өңірінен келген делегация өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер мен бизнес қауымдастығының мүшелері қатысты. Форум аясында аймақтың экономикалық әлеуетін нығайту, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістету, өндіріс саласын ілгерілету және инвестиция тарту мәселелері кеңінен қаралды.
Іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, өңірде кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар аймақтың экономикалық өркендеуіне, отандық өндірістің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлес қосып жүрген үздік кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың еңбегін жоғары бағалап, бірқатар марапат табыстады.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кешегі Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту, отандық бизнесті қорғау және кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беру мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы рөлін арттыру және өнім өндірушілерді қолдау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бизнеске заңсыз кедергі келтірмеу және кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау маңызды міндет екенін айтты. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілуде. Біздің міндетіміз – осы мемлекеттік қолдаудың нәтижесін елге нақты іспен көрсету. Ол үшін өңір экономикасын өсіріп, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашу керек. Сіздердің бастамаларыңыз жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті өркендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады. Бұл ретте, кәсіпкерлікті дамытуда Түркістан облысының мүмкіндігі мол. Халқы – еңбекқор, азаматтары – іскер. Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің басым бөлігі – осында. Біз кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымы дайын өндірістік алаңшаларды қалыптастырдық. Бұл алаңдардың негізгі мақсаты – импортты алмастырып, жергілікті өнім өндіру, өңір экономикасын нығайту. Кәсіпкерлікті қаржылай қолдау аясында соңғы 2 жылда жеңілдетілген несиелендіру көлемі 63 млрд теңгеге жетті. Мұның барлығы Түркістан облысының отандық өнім өндірудегі үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сіздер – өңір экономикасының дамуына серпін беріп, елдің әлеуетін арттырып жүрген іскер азаматсыздар. Біз кәсіпкерлердің әрбір бастамаларын қолдауға дайынбыз. Халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Билік пен бизнестің бірлігі – ортақ табыстың кепілі. Бастаған істеріңіз берекелі, жаңа жобаларыңыз сәтті болсын, – деді.
Форум барысында кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың жетістіктері 26 номинация бойынша бағаланып, үздіктер марапатталды. Атап айтқанда, кәсіпкерлік саласының өркендеуіне және экономиканың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Nurym Group» ЖШС «Жыл кәсіпорны» номинациясына ие болды. Бизнес ауқымын кеңейтіп, қызмет қарқынын күшейтіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізген «Jasyl Suyq Qazaqstan» ЖШС «Жыл серпілісі» номинациясымен марапатталды. Ал өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін «Түркістан тоқыма» ЖШС үздік деп танылды.
Инвестициялық жобаларды ілгерілетуге және қаржы тартуға атсалысқаны үшін «Beibars Bottlers» ЖШС «Жыл инвесторы» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ «Үздік өндіруші» атағы «Бөрте милка» ЖШС-не, «Жыл агрокәсіпорны» номинациясы «Қарқын-2030» ЖШС-не, «Жасыл бизнес» марапаты «Er-Qan Group» ЖШС-не берілді. «Дәстүр шебері» номинациясына «Алмагүл шебер» ЖК, «Халық денсаулығына қосқан үлесі үшін» марапатына «Талғат клиникасы» ЖШС, ал «Үздік отбасылық бизнес» атағына «Capable group» компаниясы лайық деп танылды.
Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту мен бизнес бастамаларын қолдау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 200 мыңнан асты. Соңғы 2 жылда жаңадан 12 индустриалды аймақ құрылып, олардың жалпы саны 21-ге жетті.
«Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 447 млрд теңгені құрайтын 138 жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, облыстың барлық аудандарында 29 шағын өнеркәсіптік парк құрылып, 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Оның 178-і пайдалануға берілген. Аталған парктерде 146 жоба іске қосылып, тартылған инвестицияның жалпы көлемі 163 млрд теңгені құрады.
Жергілікті шикізатты ұтымды пайдалану арқылы импортты алмастыруға бағытталған, жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 жоба іске асырылды. Сонымен қатар жалпы құны 280 млрд теңге болатын тағы 39 жоба жүзеге асырылу үстінде.
Жиында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков те сөз сөйлеп, кәсіпкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады және бірқатар номинантқа марапат тапсырды. Ол кәсіпкерліктің ұлттық экономиканы нығайтудағы маңызын атап өтіп, отандық бизнесті қолдау, өндіріс орындарының санын арттыру, инвестиция тарту және кәсіпкерлердің бастамаларын жүзеге асыруға қолайлы орта қалыптастыру бағыттарының өзектілігіне тоқталды.
Бұдан кейін «Форте Банк» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Қарлығаш Сакипова сөз алып, кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар үздік өкілді марапаттады.
Мерекелік форум концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Салтанатты жиын барысында кәсіпкерлердің еңбегі ұлықталып, олардың өңір экономикасын өркендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өндірісті дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қосып жүрген үлесіне айрықша құрмет көрсетілді.
