ПЕРЗЕНТХАНА ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ
Түркістан қаласында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның есімі берілген 80 орындық перзентхананың құрылысы аяқталуға жақын. Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының бас директоры Мұхаммед Саиф Әл Сувайди және БАӘ-нің Қазақстан Республикасындағы елшісі Мұхаммед Әл Арикимен бірге медициналық нысандағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Медициналық кешен Біріккен Араб Әмірліктерінің қаржылай қолдауымен бой көтеруде. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі ана мен бала денсаулығын сақтау, жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сондай-ақ дүниеге келген нәрестелерге көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту.
Жобаның жалпы құны – 8,3 млрд теңге. Оның 1,58 млрд теңгесі медициналық жабдықтар сатып алуға бөлінген. Жалпы аумағы 3,3 гектарды құрайтын нысанның құрылысын «Эристайл Казахстан» ЖШС жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың желтоқсанында басталған. Перзентхана пайдалануға берілген кезде 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Орталықта ана мен балаға қажетті барлық қолайлы жағдай жасалады.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 97 пайызы аяқталған. Медициналық құрал-жабдықтар мен жиһаздар толық көлемде сатып алынып, орнатылуда. Бүгінде ғимараттың сыртқы қаптамасын жасау, сәндік өрнектерді орналастыру, желдету жүйесін ретке келтіру және жиһаздарды қою жұмыстары жалғасуда.
Жаңа медициналық мекемеде жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сонымен қатар жаңа туған сәбилерге арнайы медициналық көмек көрсетуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда босандыру және операциялық бөлімдер, жүкті әйелдер патологиясы бөлімі, ана мен баланың бірге жату палаталары, нәрестелер реанимациясы және шала туған сәбилерге күтім көрсету бөлімшелері жұмыс істейді.
Жаңа перзентхананың іске қосылуы Түркістан облысында ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы медициналық мүмкіндіктерді арттырып, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін мамандандырылған көмектің сапасын жақсартуға оң ықпал етеді.
