588 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Түркістан қаласында Республика күні мен қала күні мерекелерінің қарсаңында Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында орналасқан 7 қабатты 14 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындардың қуанышына ортақтасып, пәтер иелеріне үй кілттерін табыстады. Өңір басшысы қоныс тойын атап өтіп жатқан отбасыларды құттықтап, шаңырақтарына шаттық, береке-бірлік пен амандық тіледі.
Нұралхан Көшеров:
– Баршаңызды келе жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күні – еліміздің мемлекеттілігі мен тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтін маңызды мереке. Осындай мерейлі мереке қарсаңында қала тұрғындарымызға баспана кілттерін табыстау салтанатының куәсі болып отырмыз. Қазақта «Өз үйім – өлең төсегім» деген тағылымды сөз бар. Шынында да, баспана – адамға жайлы өмір сыйлайтын мекен ғана емес, әр отбасының бақыты мен берекесінің, ертеңге деген сенімінің тірегі. Бүгін баспанаға қол жеткізіп, жаңа өмірге қадам басқалы отырған отбасылар үшін бұл күннің орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыруды, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында өңірімізде тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың баспана мәселесін шешуге басымдық берілуде. 2018-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 1 млн 261 мың шаршы метрді құрайтын 23 633 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Бүгінгі күні Түркістан қаласында жалпы 588 пәтерді құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілуде. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді.
Жаңа пәтер иелері тұрғын үйлерді аралап, баспаналардың жағдайын көрді. Қазіргі заман талаптарына сай салынған кешендерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдайлар қарастырылған.
Жаңа тұрғын үй кешені 3,5 гектар аумақты алып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Dep Group» ЖШС, «FS Development Group» ЖШС, «Bes stroy» ЖШС және «ЕвроРемонт Сервис» ЖШС компаниялары атқарды. Кешендегі пәтерлердің жалпы саны – 588. Оның 194-і жалдамалы тұрғын үй ретінде ұсынылса, қалған 394 пәтер жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасы бойынша беріледі. Тұрғын үйлердің жалпы ауданы 36 720,6 шаршы метрді құрайды.
Мереке қарсаңында баспана кілттерін иеленген отбасылар үшін бұл күн ұмытылмас қуанышқа ұласты. Жаңа пәтерге ие болғандардың арасында I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, толық емес және көпбалалы отбасылар, жесірлер мен тұл жетім санатындағы тұрғындар бар. Қуанышты сәтке куә болған түркістандықтар Қазақстан Республикасының Президентіне және облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуге және халықтың баспанамен қамтылу мүмкіндігін кеңейтуге арналған.
Биыл облыс аумағында 3 мыңнан астам пәтердің құрылысы жүргізіліп, 2 434 пәтер пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде Түркістан қаласында жалпы саны 2 мыңнан асатын пәтері бар 43 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, 706 пәтер жалға берілсе, 1 382 пәтер жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы үлестіріледі. Қазіргі уақытта қалада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 23 мыңнан асады.
