ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАРМЕН ЖАҢА ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік компаниялар мен іскерлік ұйымдардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздер барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, өндіріс, фармацевтика, инфрақұрылым және білікті мамандар даярлау бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Кездесулерге Түркия, Аргентина, Франция, Израиль, Оңтүстік Корея, Пәкістан және Қытай елдерінің өкілдері қатысып, облыста бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Түркияның «Şekerlisoy Holding» компаниясымен фармацевтикалық өндірістік кешен салу мәселесі қаралды. Жоба дәрі-дәрмек өндірісінің әлеуетін арттырып, өңірге жаңа инвестиция тартуға бағытталған.

Францияның «Danone S.A.» компаниясымен сүт өнімдері мен азық-түлік өндірісі саласындағы әріптестік перспективалары сөз болды. Қазақстан нарығында 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компаниямен өзара тиімді байланыс орнату мүмкіндіктері қарастырылды.

Аргентина тарапымен өткен кездесуге Қазақстан-Аргентина сауда палатасының президенті, Қазақстан Республикасының Буэнос-Айрестегі құрметті консулы Сантьяго Делука, сондай-ақ «Clear Petroleum» және «DFM Consultores» компанияларының басшылары қатысты.

Тараптар өңірдің минералдық-шикізат әлеуетін игеру, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу, геологиялық барлау, бұрғылау жұмыстарын жүргізу мен техникалық-сервистік қызметтерді дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Созақ ауданындағы уран өнеркәсібінің ерекшеліктерін ескере отырып, бірлескен кәсіпорындар құру, жергілікті сервистік қызметтерді өркендету және Аргентина инвестицияларын тарту мүмкіндіктері қаралды.

Оңтүстік Кореяның «KITA» ұйымы, «PHN», «Garion Investment & Trading» және «Hyundai Corporation» компанияларының жетекшілерімен энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, кореялық энергетикалық жабдық өндірушілердің қатысуымен күн электр станциясын салу мүмкіндігі қарастырылды. Жобаны іске асыру үшін электр желілері мен қосалқы станцияларға қосылуға қолайлы жер учаскелерінің қажеттігі айтылды. Сонымен қатар «Hyundai Corporation» өңірдегі бес қосалқы станцияға қатысты ұсыныстарды қарастыруда.

Нұралхан Көшеров Қытайдың «China Energy Overseas Investment» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьмен келіссөз жүргізді. Кездесуде «Sauran Solar Power» компаниясы өңірде жүзеге асырып жатқан қуаты 300 МВт күн электр станциясы жобасының барысы сөз болды. Бұдан бөлек, жаңартылатын энергия көздері саласындағы серіктестікті кеңейту мәселелері қаралды.

Облыс әкімі инвесторлармен өзара тиімді әріптестікті дамытуға және перспективалы жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Қытайдың басқа да компанияларының басшыларымен ауыл шаруашылығы техникасын әзірлеу, өндіру, өткізу және сервистік қызмет көрсету бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл бастама агроөнеркәсіптік кешенді техникалық жаңғыртып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар элиталы мақта өсіруден бастап, оны терең өңдеу мен дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын агроөнеркәсіптік кешен салу жобасы қаралды. Жоба қосылған құны жоғары өнім өндіруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Тараптар керамикалық тақтайшалар, жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін коммуналдық техника, санитарлық тазалық пен көгалдандыруға арналған жабдықтар өндіру салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін де талқылады.

Пәкістанның бірнеше компаниясының басшылары Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытты. Кездесулерде бояу және химиялық өнімдер шығаратын кешен құру, оны арнайы экономикалық аймақ аумағында орналастыру, өндірістік хаб қалыптастыру және өнімді халықаралық нарықтарға шығару ұсыныстары қаралды.

Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету, қолданыстағы заңнамаға сәйкес салықтық және кедендік ынталандыру тетіктерін пайдалану, ғылыми-зерттеу орталығын дамыту, жергілікті мамандар даярлау және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері сөз болды.

Пәкістанның тағы бір компаниясының құрылтайшыларымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуді, мал азығын, ветеринариялық және фармацевтикалық өнімдерді, косметика мен тұрмыстық химия тауарларын шығаруды қамтитын кешенді агроөнеркәсіптік жоба талқыланды. Бұл бастама ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің байланысын нығайтуға бағытталған.

 

🔰 «Zhuochuang» кәсіптік-техникалық институтының өкілдерімен кездесуде еңбек нарығына қажетті білікті жұмысшы кадрларды даярлау мәселесі қаралды. Тараптар кәсіптік білім беруді жұмыс берушілердің сұранысына сәйкестендіру, жергілікті мамандарды оқыту және жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау бағыттарын талқылады. Бұл өз кезегінде жаңа өндіріс орындарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Кездесулер барысында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы, энергетика, фармацевтика, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу өндірісі салаларындағы мүмкіндіктері таныстырылды. Келіссөздер жаңа технологияларды тарту, өндірістік кооперацияны дамыту және экспорттық бағыттарды кеңейту мәселелерін қамтыды.

 

Өңір үшін инвестиция тарту жаңа өндіріс орындарын ашуға, тұрақты жұмыс орындарын құруға, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.

Облыс әкімдігі шетелдік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және инвестициялық бастамаларды қолдауға басымдық береді. Әр жобаның іске асу шарттары, қаржыландыру көлемі, инфрақұрылымдық қажеттіліктері мен жүзеге асыру мерзімдері тараптардың келіссөздері және қолданыстағы заңнама аясында айқындалады.