КЕШ БАТСА ДА ТЫҢДАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жасаған жұмыс сапары аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесу барысында тұрғындардың өтініштері қаралып, бірқатар түйткілді мәселе бойынша нақты шешімдер қабылданды.
Қабылдауға келген азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін жеткізді. Олардың басым бөлігі инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үймен қамту және әлеуметтік көмек көрсету бағыттарына қатысты болды.
Облыс әкімі әрбір тұрғынның өтінішіне жіті көңіл бөліп, жауапты басқармалар мен тиісті сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ азаматтардың өтініштерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырып, олардың орындалуын бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Жеке қабылдау кезінде кейбір мәселелер бойынша сол жерде тиісті шешімдер қабылданды. Ал жан-жақты зерделеуді қажет ететін өтініштерге байланысты жауапты тұлғаларға нақты міндеттер тапсырылды.
Нұралхан Оралбайұлы тұрғындар көтерген әрбір мәселе назардан тыс қалмауы керектігін айтып, барлық түйткіл заң талаптарына сай шешімін табатынын жеткізді.
Жалпы, қабылдауға 40-тан астам азамат қатысып, кездесу 5,5 сағатқа созылды. Барлық тұрғынның талап-тілегі тыңдалып, қабылдау жұмыстары кеш батқанға дейін жалғасты.
Азаматтардың өтініштерін уақытылы қарау, көтерілген мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету және халықпен ашық әрі нәтижелі диалог орнату – облыс басшылығының басым бағыттарының бірі.
