МАЛ СҮЙЕГІН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Ордабасы ауданында ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіруге бағытталған жаңа зауыт жұмысын бастады. Қосылған құны жоғары өнім шығаруды көздейтін кәсіпорынның құрылысы мен іске қосылуына «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС тарапынан 9 млрд теңге инвестиция қарастырылған.
Жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі. Аймақ басшысы мұндай жобалардың өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашатынын атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Баршаңызды келе жатқан ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мереке қарсаңында ірі қара мал сүйегінен май және пептон компоненттерін өңдейтін «Huating Biotechnology» зауытының ашылуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуды тапсырған болатын. Заманауи технологияларды енгізе отырып, шикізатты дайын өнімге дейін өңдеу – өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Түркістан облысы – мал шаруашылығы жақсы дамыған өңір болғанымен, біз оның әлеуетін толық пайдаланбай келеміз. Біздің міндетіміз – мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, оларды терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құндылық қалыптастыру. Бүгінгі бастама алдағы уақытта толыққанды өндіріс орнына айналып, осы жоба аясында тері өңдеу және желатин өндіру жоспарлануда. Бұл жоба өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға үлес қосады деп сенемін. Осы сәтті пайдаланып, маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан арнайы Чжао Сюйдун мырзаға және «Huating Biotechnology» компаниясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін. Басталған іс сәтті жүзеге асып, кәсіпорын ұжымына табыс пен береке әкелсін! – деді.
«Tangshan Huating Porcelain Co., LTD» компаниясының бас директоры Чжао Сюйдун жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне ризашылығын білдіріп, өңірдегі өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге арналған жоспарларымен бөлісті.
Жаңа кәсіпорынға Ордабасы ауданының Темірлан ауылынан «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 10 гектар жер телімі бөлінді. Жобаның алғашқы кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынды. Бастапқы уақытта компания пептон компоненттерін өндіруді қолға алса, келесі кезеңдерде желатин компоненттерін шығаруды жоспарлап отыр.
Зауытта құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталған. Өндіріс орнының жобалық қуаты жылына 5 мың тонна өнім шығаруға есептелген. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылады.
Пептон – биотехнология, микробиология және фармацевтика салаларында кеңінен пайдаланылатын маңызды шикізаттық компонент. Оның өндірісі ауыл шаруашылығы шикізатын барынша тиімді кәдеге жаратуға және өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістік бағытты дамытуға мүмкіндік береді.
