16 МЫҢ ШАҚЫРТУ, 139 АДАМ ҚҰТҚАРЫЛҒАН
Түркістан қаласында 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерекелік басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Жиыннан бұрын облыс әкімі арнайы техникалар көрмесін аралап, саладағы материалдық-техникалық мүмкіндіктермен танысты. Одан кейін мерекелік шарада төтенше жағдайлардың алдын алу және оның зардаптарын жою бағытында аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.
Нұралхан Көшеров:
– Құрметті азаматтық қорғау саласының ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Құтқарушы болу – адам өмірін бәрінен биік қоятын, батылдықты, жоғары кәсібилік пен темірдей тәртіпті талап ететін абыройлы қызмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және халықты қорғау жүйесін жетілдіруге айрықша мән беріп келеді. Осы стратегиялық міндетті іске асыру мақсатында өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соңғы 2 жылда облыстағы өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,7 млрд.теңгеден астам қаржы қарастырылды. Сіздер күн сайын қызметтік міндеттеріңізді орындау барысында батылдық пен табандылықтың, кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келесіздер. Ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді.
Сондай-ақ облыс басшысы міндетін мінсіз атқарып, кәсіби біліктілігімен көзге түскен бірқатар қызметкерге марапаттар табыстады.
Салтанатты жиында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Бағдат Чайзада да сөз сөйлеп, төтенше жағдайлар кезінде ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың жауапты міндетіне тоқталды. Ол бірқатар сала қызметкеріне марапаттар табыстады.
Түркістан облысында құтқару қызметінің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 36 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынған. Сонымен қатар «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы шеңберінде 16 өрт сөндіру бекеті ашылып, Ораңғай ауылында және Ленгір қаласында өрт сөндіру бөлімдері пайдалануға берілді.
Жыл басынан бері өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне 16 мыңнан астам шақырту түсіп, облыс құтқарушылары 139 адамның өмірін сақтап қалды.
