80 ОРЫНДЫҚ ПЕРЗЕНТХАНА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті, Мәртебелі Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның есімі берілген 80 төсектік перзентханаға барып, құрылыс жұмыстарының жай-күйін тексерді.

Медициналық нысан демеушілердің қаржылай қолдауымен бой көтеруде. Жобаның басты мақсаты – өңірде ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіру, жүкті әйелдер мен дүниеге келген сәбилерге көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту. Перзентхана орналасатын жер телімінің аумағы – 3,3 гектар, ал ғимараттардың жалпы ауданы – 17 287,98 шаршы метрді құрайды.

Медициналық орталықта жүкті әйелдерге, босанатын және босанған аналарға, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге арнайы медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдайлар жасалады. Нысан құрамында босандыру және операциялық бөлімдер, жүкті әйелдер патологиясы бөлімі, ана мен баланың бірге болуына арналған палаталар, нәрестелер реанимациясы және шала туған сәбилерді күту бөлімшелері қарастырылған.

Жаңа перзентхана перинаталдық көмектің III деңгейіне сай қызмет көрсетеді. Мұнда жүктілігі жоғары қауіп тобындағы әйелдерге, ауыр халдегі аналарға және қарқынды емдеуді қажет ететін нәрестелерге медициналық көмек көрсету жоспарланған. Бұл күрделі жағдайларда қажетті ем-шараларды бір медициналық мекеме аясында жүргізуге мүмкіндік береді.

Нысан заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылады. Инженерлік инфрақұрылымында автономды жылыту жүйесі, орталықтандырылған су құбыры мен кәріз жүйелері, резервтік электр қуаты көздері, медициналық газбен жабдықтау жүйесі, механикалық желдету және 73 бейнебақылау камерасы қарастырылған.

Облыс әкімі нысанды аралау кезінде құрылыс сапасына, инженерлік жүйелердің әзірлігіне және медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударды.

Жаңа перзентхана пайдалануға берілгеннен кейін Түркістан өңірінде ана мен балаға медициналық көмек көрсету мүмкіндіктері артып, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған қызмет ұсыну сапасын жақсартуға жол ашылады.