ЧЕМПИОНАТ КӨШБАСШЫСЫНАН ОЗДЫ
Түркістанның «Тұран» футбол клубы Қазақстанның бірінші лигасының 25-туры аясында өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Чемпионат көшбасшысымен өткен тартысты бәсекеде түркістандық футболшылар шеберлік танытып, маңызды үш ұпайды еншіледі.
Матчты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы тамашалап, жергілікті командаға қолдау білдірді. Өңір басшысының футболшыларға жанкүйерлік танытуы ойыншыларға жігер беріп, стадиондағы көрермендердің де көңіл күйін көтерді.
Кездесудің бірінші бөлігінде алаң иелері шабуылға басымдық бергенімен, қарсылас қақпасының кілтін таба алмады. Ал екінші таймда түркістандықтар нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, көздеген мақсатына қол жеткізді. Матчтың 70-минутында Арман Кенесовтің дәл пасын Матвей Герасимов баспен қақпаға бағыттап, команданың жеңіс голын соқты. Нәтижесінде «Тұран» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, «Шахтер» бірінші лиганың чемпионы атанып үлгерген. Ал осы жеңістен кейін «Тұран» 54 ұпай жинап, турнирлік кестеде үшінші орынға көтерілді. Ең маңыздысы, түркістандық клуб 2027 жылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Бұл – Түркістан спорты үшін елеулі жетістік әрі футбол жанкүйерлері үшін қуанышты хабар. Жоғары дивизионға қайта оралу клубтың дамуына тың серпін беріп, өңірдегі футболдың беделін арттыруға жол ашпақ.
