«АСТАНА» САЯБАҒЫ АШЫЛАДЫ
Түркістан қаласының қоғамдық демалыс орындары тағы бір жаңа нысанмен толығады. Қаланың жаңа аумағында «Астана» саябағының құрылысы қарқын алуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты және жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
Жаңа саябақ тұрғындардың жайлы демалуына мүмкіндік жасауға, шаһардың сәулеттік ажарын арттыруға және қоғамдық орындардың сапасын жақсартуға арналған. Жалпы аумағы 20 гектар болатын нысанда қала тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізуіне арналған заманауи инфрақұрылым жасақтау жоспарланған.
Жобаға сәйкес, аумақта рәміздер алаңы, жаяу жүргіншілерге арналған аллеялар, көгалдандырылатын учаскелер мен тынығу аймақтары салынады. Бұдан бөлек, келушілерге қолайлы орта қалыптастыру үшін қатты жабындар төселіп, автокөліктерге арналған тұрақ орны жасалады.
Саябақтың жоспарланған сыйымдылығы – 20 мың адам. Бұл нысанның қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын ұйымдастырудағы және қоғамдық демалыс мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызын арттыра түседі.
Құрылыс барысын бақылау кезінде облыс әкімі жұмыстардың сапалы орындалуына, абаттандыру және көгалдандыру талаптарының сақталуына, инженерлік желілердің тиімді ұйымдастырылуына, сондай-ақ белгіленген кестенің орындалуына баса назар аударды.
Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын жоғары сапада атқару, аумақты көркейту кезінде заманауи талаптарды ұстану және жоба аясындағы міндеттердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.
«Астана» саябағының бой көтеруі Түркістан қаласындағы қоғамдық кеңістіктерді кеңейтуге, тұрғындардың қолайлы жағдайда тынығуына мүмкіндік жасауға және қаланың көрікті келбетін одан әрі қалыптастыруға бағытталған.
