КӨПІРЛЕР ТЕХНИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУДЕН ӨТЕДІ

Түркістан облысында автомобиль жолдары бойындағы көпірлердің жай-күйін зерделеу, жөндеуді қажет ететін нысандарды қалпына келтіру және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен мекеме басшыларының қатысуымен жиын өткізіп, көпірлерді техникалық тексеруден өткізу және жөндеу жұмыстарын жоспарлау жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Өңірдегі 300-ден астам көпірді техникалық тексеру қажеттігі туындаған. Осыған орай облыс әкімі әр нысанның жағдайын жеке бағалап, тексеру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жауапты басқармаларға жөндеу кезектілігін, қажетті қаржы көлемін және іске асыру мерзімдерін қамтитын ұсыныстар әзірлеу міндеттелді. Қаржыландыру мәселелерін шешу үшін салалық министрлікпен бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттігі де айтылды.

Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуат Жұматаев көпірлердің техникалық ахуалы, жөндеу және реконструкциялау жұмыстарының барысы туралы ақпарат берді.

Қазіргі таңда облыста барлығы 868 көпір бар. Оның 107-сі республикалық, 404-і облыстық, 357-сі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан.

Биыл өңірде 10 көпірді жөндеу және реконструкциялау жұмыстары қолға алынған. Бұл мақсатқа бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін алты көпірді пайдалануға беру көзделіп отыр.

«Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны облыстық маңызы бар жолдардағы көпір тіректерін бекіту, кіреберіс және шығаберіс бөліктерін бетондау, сондай-ақ су өткізгіш құбырлардың өткізу мүмкіндігін арттыру жұмыстарын жүргізуде.

Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалы республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының 2-шақырымында орналасқан көпірді күрделі жөндеуден өткізуде. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, аудан және қала әкімдіктері үш нысанда тиісті жұмыстарды атқаруда.

Жөндеуді бірінші кезекте қажет ететін 10 көпір бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мердігер ұйымдар анықталған. Бұл нысандарды іске асырудың жалпы жобалық құны 7,8 млрд теңгені құрайды. Екінші кезектегі жеті көпірді жөндеуге қажетті қаражат көлемі шамамен 4,2 млрд теңге деп белгіленген.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуын және белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді жұмсауға, техникалық тексеру қорытындыларына сәйкес қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға баса назар аударды.

Көпірлердің техникалық жағдайын бағалау, жөндеу кезектілігін айқындау және қаржыландыру мәселелерін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешу жұмыстары жалғасады.