ТҰЖЫРЫМДАМА ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде ішкі саясат саласының өзекті мәселелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева бағыттың негізгі басымдықтары мен қолға алынатын бастамалар жөнінде баяндама жасады.
Кеңес барысында азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді мазмұнды өткізу, этносаралық татулықты сақтау, сондай-ақ ішкі саясат саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Жиында Түркістан облысының ішкі саясаты мен қоғамдық құндылықтарын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы да таныстырылды. «Тұран төріндегі текті өлке» идеясын арқау еткен құжат өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауды, кітап оқу дәстүрін қалыптастыруды, адал еңбек пен тазалық қағидаттарын қоғамда орнықтыруды көздейді. Сонымен қатар ішкі саясат саласындағы кадрлық әлеуетті күшейту және басқарма құрылымын жетілдіру қажеттігі сөз болды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдіктеріне ішкі саясат бағытындағы жұмысты жүйелі ұйымдастыруды, азаматтық қоғам өкілдерімен байланысты нығайтуды және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын көтеруді тапсырды. Бұған қоса, өңірдің қоғамдық құндылықтарын кеңінен дәріптеп, тұжырымдамада белгіленген міндеттердің нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
