532 МЫҢ ТОННА КӨМІР КЕРЕК

Түркістан облысында 2026-2027 жылдардағы жылыту кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне дайындық барысын пысықтап, көмір жеткізу және қор жинақтау мәселелеріне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Өңірде жылыту маусымын 15 қазан мен 1 қараша аралығында бастау көзделген. Биылғы маусымға жалпы 532,5 мың тонна көмір қажет. Қазіргі уақытқа дейін оның 299,9 мың тоннасы жеткізіліп, қажетті көлемнің 56 пайызы қамтылған. Өткен аптамен салыстырғанда жеткізілген көмір мөлшері 25 мың тоннаға өскен. Бұған қоса, 26 кәсіпкерлік нысанының қоймаларында 60,1 мың тоннаға жуық көмір қоры жинақталған.

Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерді қатты отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Білім беру ұйымдарының көмірмен қамтылу көрсеткіші 98 пайызға жеткен.

Жеке тұрғындардың қысқы маусымға қажеттілігі 176 мың тонна көмірді құрайды. Оның 146,1 мың тоннасы жеткізіліп, қамтамасыз ету деңгейі 83 пайыз болған. Ал жылыжай шаруашылықтарына қажетті 271,2 мың тонна көмірдің әзірге 70,1 мың тоннасы жеткізілді. Бұл жалпы сұраныстың 26 пайызына тең.

Мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров білім беру нысандарына көмір жеткізуді жеделдетуді және аудандарда тұрғындарды қатты отынмен қамту көрсеткішін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ жауапты басшыларға жылыту маусымы басталғанға дейін қажетті көмір қорын қалыптастыру мен жеткізу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.