АЛЮМИНИЙ КОМПОЗИТТІК ПАНЕЛЬДЕР ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ЗАУЫТ АШЫЛДЫ
Ордабасы ауданында алюминий композиттік панельдер шығаратын заманауи зауыт пайдалануға берілді. Құрылыс индустриясын өркендетуге бағытталған бұл жоба отандық құрылыс материалдарының өндірісін кеңейтіп, ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге жол ашады.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті дамытуға ерекше мән беріп келеді. Бүгін іске қосылып отырған жаңа кәсіпорын – осы тапсырманы жүзеге асырудың нақты нәтижесі. Жаңа өндіріс орны құрылыс саласына қажетті алюминий композиттік панельдерін отандық өндірісте шығарып, жылына 3 млн шаршы метр өнім шығарылатын болады. Бұл еліміздің құрылыс индустриясын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықтағы сұранысты өтеуге бағытталған маңызды бастама. Алдағы уақытта кәсіпорынның өнімін Орталық Азия елдері мен Ресей нарығына экспорттау жоспарлануда. Осы сәтті пайдаланып, маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан «Nur Group» компаниясының басшылығы мен ұжымына және барша атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Бүгін іске қосылған зауыттың жұмысына табыс, тұрақты өндіріс, мол өнім және отандық өндірістің дамуына елеулі үлес қосады деп сенемін, – деді.
Облыс әкімі өндірістік нысандарды аралап, кәсіпорындағы технологиялық жабдықтардың жұмыс барысымен танысты. Зауыттың қызметі мен өндіріс үдерісі туралы «Nur group» ЖШС директоры Абдулла Мухитдин баяндады. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 2,9 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 3 млн шаршы метр алюминий композиттік панель шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс орнында 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жобаны іске асыру мақсатында Ордабасы ауданының Ақбұлақ елді мекенінен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 3,9 гектар жер учаскесі бөлінді. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған.
Алюминий композиттік панельдер ғимараттардың қасбеттерін қаптау және сыртқы әрлеу жұмыстарында кеңінен пайдаланылады. Осыған байланысты жаңа зауыттың ашылуы құрылыс материалдары өндірісін дамытуға, нарықтағы отандық өнімдердің үлесін ұлғайтуға ықпал етеді.
