ӘКІМ ХАЛЫҚТЫ АЯНБАЙ ЕҢБЕК ЕТУГЕ ШАҚЫРДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттерді талқылады. Ашық диалог форматында өткен жиында азаматтар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Алдымен облыс әкімі ауданның негізгі даму көрсеткіштеріне тоқталып, атқарылған жұмыстар мен жоспарланған жобалар туралы баяндады.

Нұралхан Көшеров: 

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдеріне барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін елімізде жылыжай шаруашылығы дамыған, емдік шипажайларымен ерекшеленетін саялы Сарыағаш өңірінің тұрғындарымен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 9 айында 379,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 144 пайызға артты. Өнеркәсіп өнім көлемі 27,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 111,1 пайызға артты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 16,2 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 111,3 пайызға өсті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 49,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 86,9 пайызды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй 49,4 мың шаршы метрді құрап, нақты көлем индексі 103,1 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 122,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,7 пайызға артты. Былтыр өздеріңізбен кездесуде көтеріліп, өзекті мәселе болып келген «Самал-3» шағынауданын ауыз сумен қамту жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Дарбаза ауылдық округіндегі Құрысай, Тасқұдық және Сарысу елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз етеміз. Нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша ауданда ауыз сумен қамту деңгейі 100 пайызға, табиғи газбен қамту деңгейі 92 пайызға жеткізіледі. Сарыағаш қаласындағы А-15 автомобиль жолының бойын жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Аудан аумағында жыл соңына дейін 18 елді мекенде 31 балалар ойын және спорт алаңшалары ел игілігіне беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысы тығыздығын азайту мақсатында ұзындығы 102 шақырымды құрайтын Сарыағаш айналма жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жетістіктер – ең алдымен, аудан тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуының нақты нәтижесі. Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар өзекті мәселелер шешімін табуда. Біздің басты мақсатымыз – облыстың барлық аудан, қалаларының экономикалық өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру. Баршаңызды осы жолда бірлесіп, аянбай еңбек етуге шақырамын, – деді.

Облыс әкімі Сарыағаш ауданының ауыл шаруашылығы, сауда, туризм және кәсіпкерлік салаларында әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, аудан әкіміне тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру, жұмыс орындарын көбейту және даму көрсеткіштерін жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Ауданда әлеуметтік жағдайды жақсарту және инфрақұрылымды дамыту мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Дербісек және Дарбаза елді мекендеріндегі 32 көшеге 1,1 млрд теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Келешек мектептері» жобасы бойынша Сарыағаш қаласында, Жаскешу және Дербісек елді мекендерінде 900 орындық мектептер пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Сарыағаш қаласында 600 орындық оқушылар сарайын салуға облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, оны келесі жылдың І жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланған.

Инженерлік инфрақұрылым бағытында 9 елді мекен ауыз сумен, 8 елді мекен табиғи газбен және 8 елді мекен сапалы электр энергиясымен қамтылды. Биыл Сарыағаш қаласында «Келешек мектептері» жобасы аясында 300 орындық мектеп ашылды. Мәдениет және Шеңгелді елді мекендерінде кітапханасы бар 75 орындық мәдениет үйлері пайдалануға берілсе, бүгін Жонарық ауылында 200 орындық мәдениет үйі ашылды.

Кездесуде Нұралхан Оралбайұлы тазалық пен көгалдандырудың маңызын атап өтіп, тұрғындарды экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.

Нұралхан Көшеров: 

– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда. Алайда, әлі күнге дейін қоғамдық орындарда аудан тұрғындары тарапынан қоқыстарды тастау фактілері жиі орын алып отыр. «Тазалық – жиналған жерде емес, сақталған жерде» деген қағиданы ұстанып, әрқайсыңызды өз аулаңыз бен көшелеріңізді таза ұстап, көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырамын, – деді.

Тұрғындар мен кәсіпкерлерді абаттандыру жұмыстарына ынталандыру мақсатында облыста 2024 жылдан бері «Үлгілі ауыл» конкурсы өткізіліп келеді. Соңғы екі жылда Сарыағаш ауданынан Мәдениет және Қызылжар ауылдары жүлдегер атанды. 2024 жылы 2-орын алған Мәдениет ауылында бюджет қаражаты есебінен спорт алаңшасы салынды. Ал 2025 жылы 1-орын иеленген Қызылжар ауылындағы спорт кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру көзделген. Биыл да облыстағы үздік ауылдарды қолдау бастамасы жалғасады.

Өткен жылғы облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде 42 мәселе көтеріліп, оның 38-і шешімін тапты, тағы 2 мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда.

Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар өзекті мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі мен жауапты сала басшылары сауалдарға жауап беріп, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.

Кездесу соңында Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштерін тыңдады және әрқайсысына қатысты тиісті жауаптар берді.