ЖЫЛЫНА 300 МЫҢНАН АСТАМ КӨШЕТ ӨСІРІЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына орай өңірде тұқымбақтардың аумағын кеңейту және жасыл желек қорын арттыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов Ордабасы ауданындағы «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне» арнайы барып, тұқымбақтың тыныс-тіршілігімен, көшет өсіру жұмыстарының барысымен танысты.

Қажымұхан елді мекенінде орналасқан тұқымбақтың жалпы жер көлемі 5 гектарды құрайды. Мұнда қарағаш, үйеңкі, шаған, айлант, боз арша және туя сынды ағаш түрлері бапталып өсіріледі.

Аталған мекеменің тұқымбағында жыл сайын 300 мыңнан астам көшет өндіріледі. Көгалдандыру жұмыстарына қажетті көшеттерге сұраныстың көбеюіне байланысты қазіргі уақытта тұқымбақ шаруашылығы үш аумақта уақытша ұйымдастырылған.

2026 жылдың көктемгі кезеңінде мекеме тарапынан 31 630 түп әртүрлі ағаш көшеті босатылды. Ал күзгі маусымда 163 300 түп көшетті тарату көзделіп отыр. Бүгінде 45 780 түп көшет қазылып алынып, соның 8 580 түбі Сайрам және Ордабасы аудандарына жеткізілді.

Сапар барысында басқарма басшысы өсіріліп жатқан көшеттердің түрлерін аралап көріп, олардың сапалық жағдайына назар аударды. Сонымен қатар 2026 жылғы күзгі ағаш отырғызу науқанына әзірлік жұмыстары талқыланды. Жауапты мамандарға көшеттерді талапқа сай дайындау, ағаш отырғызу шараларын белгіленген мерзімде әрі сапалы атқару бойынша тиісті міндеттер жүктелді.

Жалпы, Түркістан облысында жасыл аймақтарды қалыптастыру және орман қоры жерлерін ұлғайту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Келешекте тұқымбақтардың көлемін ұлғайтып, көшет өндіру көрсеткішін одан әрі арттыру жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.