АШЫҚ ӘКІМДІКТЕ
Ашық әкімдік кеңсесінде тұрғындарды жеке қабылдау бекітілген кестеге сәйкес Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жеке қабылдау өткізіп, 5 азаматтың шағымдары мен өтініштерін тыңдады. Көтерілген мәселелер жерді заңдастыру, құжаттандыру және несие төлеміне қатысты.
Мақтаарал ауданынан онлайн байланыс арқылы қосылған азамат иелігіндегі жердің кадастр базасынан көрінбейтінін, осы себеппен құжаттарын рәсімдей алмай жүргенін айтып, көмек сұрады. Шалғайдан байланысқа шыққан келесі азаматшаның да сұрағы үйіргелік жерге байланысты қойылды.
Кентаулық қария бау-бақшалық жер телімін заңдастыруға ықпал етуді өтінді, ал, түркістандық тұрғын “Ауыл шаруашылығы кредиттік корпорациясы” тарапынан несие қарызын өтеу бойынша жүктеменің қайта қаралып, жеңілдету мүмкіндігін қарастыру жөнінде өтінішін жеткізді.
Қабылдауда жерді заңдастыру тәртібі түсіндіріліп, құқықтық кеңес берілді.
Нұрбол Тұрашбеков сот тәртібімен шешілетін мәселелер тізбесіне тоқталды. Сондай-ақ, құжаттандыру үдерісінде жергілікті атқарушы орган тарапынан заң аясында әр азаматқа қолдау көрсетілетінін айтты.
Жауапты басшыларға өз құзіретіне кіретін міндеттерді талапқа сай атқару қажеттігін ескерткен облыс әкімінің орынбасары оларға нақты тапсырмалар жүктеп, орындауға мерзім белгіледі.
