QR-КОД АРҚЫЛЫ ҰСЫНЫСТАР ҚАБЫЛДАЙДЫ
«Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы іске қосылды. Енді қала тұрғындарының ұсыныстары QR-код арқылы да қабылданады. Мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбековтің тың бастамасы тұрғындардың қаланың дамуына қатысты өз ойы мен ұсыныстарын онлайн жолдауға қолайлы.
Қала әкімінің халықпен кездесуі кезінде көптеген ұсыныстар айтылады. Енді ол пікірлер арнайы жүйе арқылы қабылданбақ.
Алдағы уақытта қоғамдық орындар мен автобустарда QR-кодтар орнату жоспарланған. Сол арқылы тұрғындар қаланы дамытуға қатысты өз идеялары мен ұсыныстарын оңай жолдайтын болады.
Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, аталмыш жоба — әр азаматқа Шымкенттің дамуына жеке үлес қосып, оң өзгерістердің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді. Түскен барлық ұсыныс мұқият қаралып, ең өзекті әрі пайдалы бастамалар нақты жүзеге асырылады.
Игі бастама — әкімдік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтуға және қаланы дамытуға күш жұмылдыруға бағытталған нақты қадам болып тұр.
