МЫҢНАН АСА АДАМҒА АЛАЯҚТЫҚТАН САҚТЫҚ ТҮСІНДІРІЛДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру негізінде Түркістан облыстық Полиция департаменті мен прокуратурасының ұйымдастыруымен осымен екінші рет ауқымды форум өтті. Бұл жолы «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» тақырыбы қамтылды. Мыңнан аса адамға алаяқтықтан сақтық шаралары түсіндірілді.

Өңірде интернет алаяқтары 5,5 пайызға өскен. Алаяқтардың өзін көрмесе де, сөзіне сеніп, тапқан-таянғаны мен жиған-тергенінен қағылып қалғандар жоқ емес. Аңғал адамдар үшін бәрінен де қауіптісі кибералаяқтық болып тұр. Қанша айтылып жатса да, алданатындар азаяр емес. Ал, интернет алаяқтарын анықтау да, оларды құрықтау да әлем алдында үлкен күреске айналып барады.

Форумда Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев аймақтағы алаяқтық қылмысының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті. Сондай-ақ, ҚР ІІМ-нің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Ерболат Балғабаев, «CYBERLABS» ЖШС-нің өкілі Әділет Хамзин, «Digital road» IT-индустриясының кәсіпкерлер ассоциациясының өкілі Сейдулла Исмаиловтар, жиналған жұртшылыққа алаяқтарға алданбаудың жолын көрсетіп, ел құлағы естімеген мәліметтермен бөлісті. Форум еркін форматта өтті.

Статистикаға сүйенсек, облыстық полиция департаментінде құрылған киберпол басқармасының қызметкерлерімен «интернет-алаяқтық» қылмыстарының 113 дерегі сотқа жолданған. 3 қылмыстық топ құрықталып, олардың 38 эпизодты қылмыстық істерге қатыстылығы анықталып, әтижесінде жәбірленушілерге 269 млн. теңге қайтарылыпты. Сонымен бірге, 200-ден астам қылмысқа қатыстылығы бар 13 күдіктіден тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Профилактикалық жұмыстар қылмыспен күресудің әрі алдын алудың  тиімді тәсілі. Полиция Департаменті мен Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті арасында жасалған меморандум аясында, полиция қызметкерлерімен студенттер бірлесіп, «Кибернадзор» жүйесі арқылы 2 мың құқыққа қайшы контентті бұғаттапты.

Бұның бәрі қарапайым азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен алданып қалудан сақ болуы үшін жасалып жатыр. Айта кету керек, бұл іс-шара облысқа қарасты 17 ауданда жалғасын таппақ.

Форум аясында су жаңа ІТ-жабдықтары мен робототехника құралдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қоғамда алаяқтарға алданудың түрлері туралы театрландырылған қойылым сахналанды. Мақсат-тұрғындарға ой салып, алаяқтарға алданбауға шақыру, қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстану дейді, полицейлер. Форум соңында елге белгілі әнші Еркін Нұржанов рухты ән шырқады.