ТЕНДЕРГЕ ТИІСПЕСЕ
Түркістанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде – мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қорытындылары қаралды. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру, ашықтықты күшейту және бақылау тетіктерін тиімді пайдалану бойынша нақтыланды.
Жиын барысында комиссия мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, мемлекеттік сатып алу процесіндегі ашықтықты арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың тиімділігіне ерекше назар аударылды. Комиссия мүшелері мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау және шешім қабылдау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселесін көтерді. Бұл ретте цифрландыру тетіктерін кеңінен енгізу, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін автоматтандыру және адами факторды азайту арқылы ашықтықты арттырудың маңыздылығы айтылды. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Отырыста айтылған ұсыныстар негізінде тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.
Облыста аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармаларда мемлекеттік сатып алумен айналысатын қызметкерлерге заңбұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында 2025 жылы 11 онлайн және 4 оффлайн форматында семинар-сабақтары ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
