ТҮРКІСТАНДА АГРАРЛЫҚ НАУҚАН ҚАРҚЫНДЫ

Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мен суару науқаны жоспарға сай әрі тұрақты түрде жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар жүйелі ұйымдастырылып, егіс науқаны белгіленген мерзімдерге сәйкес орындалуда. Бүгінгі таңда өңірде жаздық дақылдар 316 мың гектар алқапқа орналастырылды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 72 мың гектар, майлы дақылдар – 72 мың гектар, жоңышқа – 51 мың гектар, көкөніс – 31 мың гектар, бақша дақылдары – 38 мың гектар, ал мақта алқабы 52 мың гектарды құрап отыр. Сонымен қатар, ерте пісетін қырыққабаттан 2,2 мың тонна өнім жиналып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету бағытында нақты нәтижелер қалыптасуда.

Өңірдегі көктемгі дала жұмыстары мен вегетациялық кезеңнің барысы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте кеңінен талқыланды. Жиында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәлімдеуінше, шаруаларды мемлекеттік қолдау шаралары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, көктемгі егіс жұмыстарына қажетті жеңілдетілген жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар шаруалардың өтінімдеріне сәйкес уақытылы жеткізілуде.

Сондай-ақ «Кең Дала» бағдарламасы аясында аграрлық секторды қаржыландыру жұмыстары жалғасып, бүгінгі күнге дейін 1196 жоба қолдау тапқан. Бұл бастама ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне айналым қаражатын толықтыруға, техника паркін жаңартуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беруде. Нәтижесінде өңірдегі егіс алқаптарының өнімділігі артып, аграрлық сектордың тұрақты дамуына негіз қалануда.

 

Су ресурстарын тиімді пайдалану – өңір үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Осыған орай, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқын алып келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 34 мың гектардан астам егіс алқабында тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері қолданылуда. Бұл технологиялар суды дәстүрлі әдістермен салыстырғанда 30-40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ылғалдың тікелей өсімдік тамырына жеткізілуі нәтижесінде өнімділік артып, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану қамтамасыз етіледі.

 

Су үнемдеу тәсілдерінің тағы бір артықшылығы – топырақтың құнарлылығын сақтау мен эрозияның алдын алу. Мұндай технологиялар ағын судың ысырап болуын азайтып қана қоймай, егіс алқаптарының сапасын жақсартады. Бұдан бөлек, еңбек шығындары қысқарып, шаруалардың өндірістік тиімділігі артады. Осы бағытта су үнемдеу жабдықтарын өндіруші кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп, ауыл шаруашылығы құрылымдарына қажетті техникаларды лизинг негізінде ұсыну тетігі жолға қойылған.

Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары су қоймаларындағы жағдайға ерекше назар аударып, жауапты мекемелерге су ресурстарын бекітілген лимитке сәйкес қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, ағын суды бөлу кезінде кезектілікті сақтау, шаруалармен өзара келісім негізінде әділ әрі тиімді реттеу қажеттігі атап өтілді. Әсіресе, дақылдардың биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, суару кестесін үйлестіру мәселесіне басымдық берілді.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтуде. Көктемгі дала жұмыстары мен суару науқаны толық бақылауда ұсталып, жүйелі әрі жоспарлы түрде жалғасуда. Қабылданған шаралар агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге негіз болмақ.