ТҮРКІСТАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ
Түркістан қаласында «Ерлік пен бірлік – заң мен тәртіптің тірегі» атты ауқымды республикалық акция шеңберінде «Таза Қазақстан» аллеясының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Маңызы зор бұл жоба Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі бастамасымен қолға алынып, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті үйлестіруімен және облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау құрылымдарының жетекшілері, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен жалынды жастар қатысып, бастаманың маңыздылығын айқындай түсті.
Аталған игі шара 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні және Ұлы Жеңіс мерекесінің 81 жылдығына орай ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – тарихи сананы жаңғырту, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты бекіту, сондай-ақ қоршаған ортаға жанашырлықты арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар, қоғамдағы ортақ құндылықтарды насихаттап, заң мен тәртіп қағидаттарының маңызын кеңінен түсіндіру көзделді.
Аллеяның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз алып, бастаманың рухани-әлеуметтік мәніне кеңінен тоқталды. Ол бұл аллея тек көгалдандыру шарасы ретінде ғана емес, өткенге тағзым жасап, келешекке бағдар айқындайтын символдық нысан екенін атап өтті. Сондай-ақ заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп – әділетті әрі тұрақты қоғамның іргетасы екенін ерекше атап, ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.
Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бастамасының уақытша науқан емес, күнделікті өмір салтына айналуы қажеттігін жеткізді.
Нұралхан Көшеров:
«- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы – экологиялық мәдениетті жаңаша деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Осы тапсырма аясында өңірімізде кешенді жұмыстар атқарылуда. Бүгін біз сол бастамалардың заңды жалғасы ретінде жаңа аллеяның іргетасын қалап отырмыз. Бұл – тазалық пен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Өткен жылы облыс көлемінде 7 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 1 миллионнан аса көшет отырғызылды. Биыл да бұл жұмыс жалғасып, жасыл желек көлемі одан әрі ұлғаяды. Жаңа аллея бірлік пен жасампаздықтың, тазалық пен дамудың жарқын белгісіне айналады деп сенемін», – деді.
Сонымен қатар, Ерболат Балғабаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйлеп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда, адалдық қағидаттарын орнықтыруда мұндай қоғамдық бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті. Олар жастарды елжандылыққа тәрбиелеу мен қоғамда заңға құрметті арттыру бағытында мұндай жобалардың тиімді екенін жеткізді.
Мәдени бағдарлама аясында патриоттық мазмұндағы әндер орындалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылы тәрбиеленушілері мен «Жаңа леп» шығармашылық ұжымы өнер көрсетіп, шараның мазмұнын байыта түсті.
Іс-шара барысында «Таза Қазақстан» аллеясына қазақ халқының батырлары мен тарихи тұлғалары дүниеге келген өңірлерден арнайы жеткізілген көшеттер отырғызылды. Әрбір ағашқа олардың есімдері символдық түрде беріліп, бұл бастама ұлттық мұраны дәріптеу мен табиғатты қорғау идеясын ұштастырған тағылымды жобаға айналды. Мұндай игі үрдіс жас ұрпақтың тарихи жады мен экологиялық жауапкершілігін қатар қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Жалпы, Түркістанда жүзеге асырылып жатқан бұл секілді бастамалар еліміздегі экологиялық мәдениетті нығайтып қана қоймай, қоғамдық бірлікті бекемдеуге, заң мен тәртіп құндылықтарын дәріптеуге зор үлес қосып келеді. «Таза Қазақстан» аллеясы – ұлт жадын ұлықтайтын, табиғатқа құрметті арттыратын және келешек ұрпаққа өнеге болатын тағылымды кеңістік ретінде өз маңызын айқындай түспек.
