ШЫМКЕНТТЕ ҰҚК ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОПТЫ ҚҰРЫҚТАДЫ
Қауіпсіздік жолындағы кезекті соққы.Құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің хабарлауынша, 2026 жылғы 23 сәуірде Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаменті қалалық Полиция департаментімен бірлесіп және Прокуратураның үйлестіруімен мегаполис аумағында кезекті арнайы операцияны сәтті жүзеге асырды. Жедел іс-шара барысында криминалдық ортаның бес белсенді өкілі: О.К.М. (1985 ж.т.), С.К.М. (1993 ж.т.), П.К.С. (1986 ж.т.), Т.Б.М. (1992 ж.т.) және С.Ш.А. (1986 ж.т.) ұсталды. Оларға бопсалау және өз бетінше билік жүргізу (самоуправство) фактілері бойынша айып тағылып отыр.
Бұл операция Ұлттық қауіпсіздік комитетінің еліміздегі заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады. Соңғы жылдары ҰҚК ел аумағында бірнеше террорлық актінің жолын кесіп, мемлекет қауіпсіздігіне төнген қатерлерді дер кезінде бейтараптандырып келеді. Әсіресе, Шымкент қаласында жыл басынан бері криминалдық топтардың жолын кесу бойынша бірнеше ірі операциялар жүргізіліп, қылмыстық ортаның белсенді мүшелері құрықталды. Бұл мегаполистегі криминогендік ахуалды тұрақтандыруға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей септігін тигізуде.
Қазіргі уақытта ұсталған бес азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, олардың басқа да қылмыстық эпизодтарға қатыстылығы тексерілуде. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр. Қылмыстық ұйымдармен және заңсыздықпен күрес ҰҚК-нің қатаң бақылауында қала бермек.
