ТҮРКІСТАНДЫ ТАҒЫ 2 МЫҢ АДАМ ТАЗАЛАДЫ

Түркістан қаласында Taza Qazaqstan республикалық бағдарламасы аясында «Жасыл болашақ» іс-шаралар жоспарына сәйкес жалпықалалық сенбілік жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ауқымды экологиялық акцияның басты мақсаты – қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру.

Сенбілікке қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы қатысып, шаһар аумағын көркейту жұмыстарына белсене атсалысты. Сонымен қатар, тазалық шарасына қала тұрғындары, қоғамдық ұйым өкілдері, ақсақалдар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, мәслихат депутаттары және түрлі сала мамандары кеңінен жұмылдырылды. Жалпы іс-шараға 2 мыңға жуық адам қатысып, ортақ іске бір кісідей үлес қосты.

Жалпықалалық сенбілік жұмыстары қала кіреберісінде орнатылып жатқан Тайқазан мүсіні аумағынан бастау алып, Түркістан қаласының барлық аумағын қамтыды. Бұл бастама шаһардың келбетін жақсартуға және туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысан иелері де өздеріне тиесілі аумақтарды тазалап, тұрмыстық қалдықтарды шығару арқылы тазалық жұмыстарына белсенді түрде үлес қосты.

Іс-шараның тиімділігін арттыру мақсатында қала аумағы 6 секторға бөлініп, әр сектор бойынша жүйелі тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көшелер, саябақтар, скверлер мен қоғамдық орындар тазартылып, жиналған қоқыстар арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар, абаттандыру және көгалдандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып, жасыл желектерді күтіп-баптау, ағаш отырғызу және аумақтарды ретке келтіру шаралары жүзеге асырылды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы – еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды әрі ауқымды жоба. Бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан мұндай сенбіліктер тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, қалалардың тазалығы мен көркеюіне оң әсерін тигізуде. Бұл бастама – тек бір реттік шара емес, ол тұрақты түрде жалғасатын, қоғамның экологиялық санасын қалыптастыратын ұзақ мерзімді үдеріс.

Осы ретте қала тұрғындарын тазалықты сақтау мәдениетін күнделікті өмірде ұстануға шақыру аса маңызды. Әрбір азамат өз ауласының, көшесінің және қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қоқысты бей-берекет тастамау, табиғатты ластамау, жасыл желектерді қорғау – баршамызға ортақ міндет. Тазалық – тек сенбілікпен шектелмей, әр күнгі дағдыға айналғанда ғана нақты нәтиже береді.

Түркістан қаласында өткен жалпықалалық сенбілік «Таза Қазақстан» бағдарламасының тиімді іске асырылып жатқанын көрсетіп, қоғамның бірлігі мен белсенділігін айқындады. Мұндай игі бастамалар қаланың көркеюіне, экологиялық жағдайдың жақсаруына және келешек ұрпақ үшін таза әрі жайлы орта қалыптастыруға негіз болады.