9 АУДАНДА 275 МЫҢ ГЕКТАР ДӘРІЛЕНДІ

Түркістан облысында шегіртке зиянкесіне қарсы күрес жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгінде өңірдің 9 ауданында химиялық өңдеу шаралары жүргізіліп, жалпы 275 мың гектардан астам алқап дәріленді. Мамандар бұл науқанды тек маусымдық шара емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтап қалуға бағытталған маңызды стратегиялық жұмыс ретінде бағалап отыр. Себебі шегіртке — егістікке қысқа уақыт ішінде орасан зиян келтіретін аса қауіпті зиянкес түрлерінің бірі.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ордабасы ауданында жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстарын арнайы бақылап, дәріленген аймақтарды аралады. Жұмыс барысымен танысу кезінде мобильді топтардың дайындығы, техника саны, улы химикаттардың жеткіліктілігі және шекаралық аумақтардағы ахуал назарға алынды.

Аудан әкімі Азат Оралбаев өңірдегі 3 сектор бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның мәліметінше, қазіргі таңда Қараспан, Қажымұқан, Бөржар және Бадам ауыл округтерінде жалпы 12 522 гектар аумақ химиялық өңдеуден өткізілген. Жұмысқа мердігер мекеменің 10 арнайы техникасымен қатар қосымша 17 техника жұмылдырылған. Сонымен бірге, шегіртке ошақтарын анықтау, бақылау және дер кезінде хабарлау мақсатында 70-тен астам адам тартылған. Қажетті химиялық препараттар қоры жеткілікті деңгейде сақталған.

Облыс әкімінің орынбасары мобильді топтарға дәріленген аумақтарды қайта сүзгіден өткізіп, жағдайды үздіксіз бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, негізгі мақсат — тек жоспарланған көрсеткішті орындау емес, зиянкестерді толық жою. Сондықтан әр секторда кезекші техникалар тұрақты дайындықта болуы тиіс. Жаңа ошақтар жөніндегі әрбір ақпарат шұғыл тексеріліп, жедел әрекет ету алгоритмі іске қосылуы қажет. Сондай-ақ ауданаралық шекараларда бақылауды күшейту міндеті қойылды.

Нұрбол Тұрашбеков: 

Мәселе тек жоспарланған межеден шығу емес. Зиянкестер толық жойылғанша әр секторда кезекші техникалар болуы тиіс. Жаңа ошақтар туралы әр ақпарат жедел тексеріліп, тиісті шаралар атқарылуы қажет. Ауданаралық шекараларға бақылауды күшейтіңіздер. Шаруалар ертең зардап шекпеуі үшін бүгінгі әрекет тиянақты болуы керек, – деді.

Орталық штабтың мәліметіне сәйкес, Түркістан облысы бойынша бүгінге дейін 796,88 мың гектар аумақ зерттелген. Оның ішінде 285,71 мың гектар жерде шегіртке саны экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Қазіргі таңда нақты 275,11 мың гектар алқап толық химиялық өңдеуден өтті. Бұл жұмыстарға жалпы саны 250 арнайы техника мен 51 су тасығыш көлік жұмылдырылған.

Химиялық өңдеу көлемі бойынша Келес ауданы көш бастап тұр. Мұнда 140 мың гектардан астам аумақ дәріленген. Сарыағаш ауданында 57 мың гектар, ал Арыс қаласы аумағында 51 мың гектардан аса жер өңделген. Сонымен қатар Бәйдібек, Шардара, Түлкібас, Сауран және Қазығұрт аудандарында да зиянкестерге қарсы күрес жүйелі түрде жалғасуда. Мамандар күн сайын мониторинг жүргізіп, жаңа ошақтардың пайда болу қаупін бақылауда ұстап отыр.

Жалпы әлемдік тәжірибеде шегірткемен күрес бірнеше бағытта жүргізіледі. Көптеген мемлекеттер химиялық өңдеумен қатар биологиялық және цифрлық бақылау тәсілдерін қатар қолданады. Мәселен, Қытай мен Үндістан шегіртке қозғалысын спутниктік бақылау жүйелері арқылы анықтап, қауіп төнген аймақтарды алдын ала белгілейді. Африка елдерінде дрондар арқылы улы препарат шашу тәжірибесі кең тараған. Бұл әдіс әсіресе адам бара алмайтын немесе көлемі үлкен аумақтарды жылдам өңдеуге мүмкіндік береді.

Ал БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы шегірткемен күресте ерте ескерту жүйесінің маңызын ерекше атап келеді. Ұйымның сарапшылары зиянкестердің көбеюіне климаттық өзгерістер, жауын-шашын көлемі мен ауа температурасы тікелей әсер ететінін айтады. Сондықтан көптеген елдерде маусым басталмай тұрып далалық зерттеу топтары құрылып, шегіртке жұмыртқаларының таралу аймақтары картаға түсіріледі.

Кейбір мемлекеттер биологиялық әдістерге де басымдық бере бастады. Мысалы, Австралия мен Марокко арнайы саңырауқұлақ негізіндегі биопрепараттарды қолдану тәжірибесін енгізген. Бұл тәсіл қоршаған ортаға зияны аз болғанымен, әсер ету уақыты химиялық препараттарға қарағанда баяу келеді. Сондықтан көп жағдайда аралас әдіс пайдаланылады.

Сарапшылардың пікірінше, шегірткемен күрестегі ең тиімді жол — алдын алу және үздіксіз мониторинг. Себебі зиянкес үйірлері толық қалыптасып кеткен жағдайда онымен күресу әлдеқайда күрделі әрі шығыны көп болады. Осы тұрғыдан алғанда Түркістан облысында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар ауыл шаруашылығы алқаптарын сақтап қалуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Биылғы науқанда негізгі күш тек зиянкестерді жоюға ғана емес, шаруалардың өнімін қорғауға, егіс алқаптарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жаңа ошақтардың таралуына жол бермеуге бағытталған. Өңірдегі ахуал облыстық штабтың тұрақты бақылауында.