ОТАНДЫ ҚОРҒАУ — АЗАМАТТЫҚ БОРЫШ

Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында кең ауқымды патриоттық іс-шара өтті. Әскери плацта ұйымдастырылған салтанатты жиын ел қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып жүрген азаматтарға құрмет көрсетуге арналды. Іс-шараға облыстық Полиция департаментінің, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, аумақтық қорғаныс бригадасының сарбаздары, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, ардагерлер мен жас жауынгерлер қатысты.

Жиын барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысушыларды мерекемен құттықтап, Отан қорғаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде ел қауіпсіздігі – тек әскери құрылымдардың ғана емес, әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы екенін атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

Құрметті ардагерлер, айбынды офицерлер мен сарбаздар! Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз елдің ең басты тірегі – оның қауіпсіздігі мен тұтастығы. Бұл жолда батыр бабаларымыз жанын қиып, бізге бейбіт өмір мен тәуелсіздікті аманат етті. Сол аманатқа адал болу – бүгінгі буынның міндеті ғана емес, әрбір азаматтың ар-намысы. Отанды қорғау – тек қару ұстаған азаматтардың ісі емес, ол – елін, жерін сүйетін, заңды құрметтейтін, қоғамның дамуына үлес қосатын әрбір қазақстандықтың парызы. Сондықтан жастар бойында отаншылдық рухты қалыптастыру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі, – деп атап өтті.

Облыс әкімі сондай-ақ Мемлекет басшысының ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық бағытына тоқталып, кәсіби әрі адал қызмет ететін мамандардың рөліне назар аударды. Оның айтуынша, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау, мемлекеттік шекараны қорғау, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік пен жоғары дайындықты талап ететін міндет.

Салтанатты жиын аясында ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында үздік қызметімен көзге түскен бірқатар әскери қызметшілер марапатталды. Бұл – әскери саладағы адал еңбек пен жоғары тәртіптің лайықты бағалануының көрінісі болды.

Іс-шара барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ыбыраев және «Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бабай Алдабергенов сөз сөйлеп, әскери қызметтің қоғамдағы орны мен маңызына кеңінен тоқталды. Олар жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, әскери тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру – ел болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Салтанатты бөлімнен кейін қатысушылар әскери техникалардың көрмесін тамашалап, сарбаздармен еркін пікір алмасты. Бұл кездесу жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, олардың бойында елге қызмет етуге деген ынтаны күшейтті.

Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды. Өнерпаздардың орындауындағы шығармалар жиынға қатысушылардың рухын көтеріп, елге деген сүйіспеншілікті одан әрі арттырды.

Айта кету керек, соңғы жылдары Түркістан өңірінде әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өткен жылы облыстан шамамен 5 мыңға жуық жас азамат әскер қатарына қосылса, биыл да бұл үрдіс жалғасуда. Бұл – жастардың ел алдындағы борышын өтеуге деген жауапкершілігінің артқанын көрсетеді.

Жалпы, Отан қорғау – тек әскери құрылымдардың міндеті емес, ол – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір азамат елдің дамуына үлес қосу арқылы, заңды құрметтеу арқылы, қоғамдық тәртіпті сақтау арқылы мемлекет қауіпсіздігін нығайтуға өз үлесін қоса алады. Осындай кешенді көзқарас қана елдің тұрақтылығы мен тәуелсіздігін баянды етеді.

Мұндай мазмұнды іс-шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, елге адал қызмет етуге үндейтіні сөзсіз.