ШЫМКЕНТТЕ КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ҮКІМ ШЫҚТЫ
Шымкент қаласының қылмыстық сотында Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Н.Сембаевқа қатысты үкім жарияланды. Ол пара алу фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сотта анықталғандай, айыпталушының кінәсі толық дәлелденген. Сонымен қатар, ол өз қылмысына қатыстылығын мойындаған.
Іс материалдарына сәйкес, Н.Сембаев ағымдағы жылдың 1 сәуірінде Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері тарапынан пара алу үстінде ұсталған. Алынған қаражат еңбек мигранттарын жауапкершілікке тартпау және оларға жалпы қамқорлық көрсету үшін берілген.
Дереккөздердің мәліметінше, аталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық анықталғаннан кейін кадрлық шешімдер де қабылданған. Атап айтқанда, Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ж.Әуелбеков қызметінен босатылып, қала Полиция департаментінің бірқатар басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
