КӘСІПКЕРГЕ 1 МЛН ТЕҢГЕДЕЙ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылындағы «ТП-32» ұңғымасына байланысты туындаған жағдай бүгінде тиісті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында. Аталған су нысаны ұзақ уақыт бойы «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде болып, жеке кәсіпкер тарапынан 27 жыл көлемінде пайдаланылған. Алайда жалға беру мерзімінің ағымдағы жылдың 25 сәуірінде аяқталуына және санитариялық талаптардың сақталмауына байланысты су ресурсын пайдалану құқығын ұзарту мәселесі оң шешімін таппаған. Бұл жөнінде Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев брифинг барысында ресми мәлімдеді.
Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі таңда Дербісек ауылындағы ауыз сумен қамту жағдайы тұрақты деңгейде сақталып отыр. Халық саны 18 мыңға жуық елді мекенде 3 мыңнан астам абонент орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Су беру қызметін «Сарыағаш Тұрмыс» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыруда. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету гидранттық жүйе арқылы штаттық режимде жүргізілуде. Сонымен қатар, «№2-ТП» ұңғымасы қосымша су көзі ретінде пайдаланылып, ықтимал су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік беріп отыр.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, егер «ТП-32» ұңғымасы мемлекет меншігіне қайтарылатын болса, тұрғындардың ауыз суға қолжетімділігі толық сақталады. Сонымен бірге, «Рауан» ЖШС-ның өндірістік қажеттіліктері үшін белгіленген тәртіпке сәйкес су көлемі бөлінуі мүмкін екендігі де атап өтілді. Облыс әкімдігі тарапынан барлық шешімдер заң талаптарына сай қабылданатыны, ешбір тараптың құқықтары бұзылмайтыны және су ресурстарын пайдалану мәселесі тек сот шешімдері мен уәкілетті органдардың қорытындылары негізінде реттелетіні қатаң түрде ескертілді.
Түркістан облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметіне сәйкес, аталған мәселе бойынша сотқа талап-арыз жолданған. Атап айтқанда, «Рауан» ЖШС-ға берілген 0,15 гектар жер телімін жалға беру туралы шешімді жарамсыз деп тану мәселесі көтерілген. Қазіргі уақытта бұл іс сот өндірісінде қаралуда.
Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары жүргізген тексерулер нәтижесінде «Рауан» ЖШС-на тиесілі су ұңғымасының санитариялық қорғау аймағына қатысты жобалық құжаттамада тиісті қорытындының жоқ екендігі анықталған. Осы құқық бұзушылық негізінде сот шешімімен 98 300 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
Бұдан бөлек, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы жүргізген бақылау барысында ұңғымадан алынатын су көлемінің белгіленген лимиттен асып кеткені және су беру құбырларында есепке алу құрылғыларының орнатылмағаны белгілі болған. Бұл заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік іс қозғалып, 973 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Жергілікті тұрғындар да бұл мәселеге бейжай қарамай, стратегиялық маңызы бар су нысанын мемлекет меншігіне қайтару қажеттігін көтеріп отыр. Өйткені ауыз су – тек тұрмыстық ресурс қана емес, ұлттық қауіпсіздік пен халықтың өмір сүру сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі.
Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, көптеген елдерде стратегиялық маңызы бар су ресурстары қатаң түрде мемлекеттік бақылауда болады. Мәселен, Франция, Германия, Канада және Сингапур сияқты мемлекеттерде су инфрақұрылымы мен негізгі су көздері мемлекет меншігінде немесе қатаң реттелетін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейді. Бұл елдерде ауыз су қауіпсіздігі, сапасы және қолжетімділігі ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Жекеменшік сектордың қатысуына рұқсат берілген жағдайдың өзінде, су ресурстарын басқару, тариф белгілеу және экологиялық талаптарды сақтау толықтай мемлекеттік бақылауда қалады.
Сол сияқты Израиль мен Нидерланд елдерінде де су ресурстары стратегиялық актив ретінде қарастырылып, олардың пайдаланылуы заңнамалық деңгейде қатаң реттеледі. Су тапшылығы жиі кездесетін өңірлерде, әсіресе, жерасты су көздерін бақылаусыз пайдалануға жол берілмейді. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де маңызды, өйткені климаттық өзгерістер мен су ресурстарының шектеулілігі жағдайында тиімді және әділ басқару тетіктерін қалыптастыру өзекті мәселе болып отыр.
Осы тұрғыда Дербісек ауылындағы «ТП-32» ұңғымасына қатысты жағдай тек жергілікті деңгейдегі мәселе емес, жалпы су ресурстарын басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын көрсететін маңызды мысал ретінде қарастырылуы тиіс. Мемлекеттік органдардың заң аясында қабылдап отырған шаралары, сот процестерінің жүргізілуі және қоғамдық бақылаудың күшеюі – бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың жалғасып жатқанын аңғартады.
