АЛЫП КИІЗ ҮЙДЕ АЛҚАЛЫ КЕҢЕС ӨТТІ
Түркістандағы жаңа этнотуристік кешен аумағындағы алып киіз үйде ауқымды кездесу өтті. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, кәсіпкерлермен, жастармен және белсенді азаматтармен жүздесті.
Алқалы жиында облыс басшысы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір тұрғындарына жолдаған алғысын жеткізіп, облыстың өркендеуі жолында табанды еңбек етіп жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. Сонымен бірге саммиттің қорытындыларына тоқталып, аймақтың инвестициялық әлеуеті мен экономикалық мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл Түркістан өңірінде маңызды қоғамдық-саяси және халықаралық іс-шаралар өтті. 15 наурызда тұрғындар референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Наурыз мерекесі кезінде Мемлекет басшысы Түркістанға арнайы келіп, халықпен кездесті. Ал 15 мамырда түркі дүниесінің рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістанда бес мемлекет басшысының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының тарихи бейресми саммиті өтті.
Президент саммит қорытындысы бойынша Түркістан облысында атқарылған дайындық жұмыстарына жоғары баға беріп, өңір тұрғындарына және шараны ұйымдастыруға үлес қосқан барлық азаматтарға шынайы алғысын білдірді. Бұл – көне шаһардың халықаралық деңгейдегі беделінің артып келе жатқанын және ел игілігі жолында еңбек еткен әрбір азаматтың жұмысына берілген әділ баға. Түркістан осындай ауқымды халықаралық жиындарды жоғары деңгейде өткізе алатын стратегиялық әрі мәдени-рухани орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының Түркістан қаласына айрықша мәртебе беріп, оның дамуын тұрақты бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Саммитті дәл осы тарихи мекенде өткізу туралы шешім – шаһардың тарихи маңызына деген үлкен сенімнің айқын белгісі. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлерге, медицина және коммуналдық сала мамандарына, еріктілерге, мемлекеттік қызметшілерге және қонақжай Түркістан жұртшылығына алғыс білдірілді.
Президент тапсырмасына сәйкес экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту және импортты алмастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Алдымен республика мен облыстың тауар айналымына және өңірдің шикізаттық әлеуетіне кешенді талдау жасалды. 2025 жылы облыстың сыртқы сауда айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құрады. Соңғы үш жылда экспорт көлемі 142 пайызға артып, 1,8 млрд АҚШ долларына жетті.
Сыртқы саудадағы негізгі стратегиялық серіктестер ретінде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия айқындалды. Зерттеу нәтижелері экспорт құрылымында өңделмеген шикізаттың үлесі басым екенін көрсетті. Бұл жағдай әлсіз тұстарды анықтап, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға көшуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта инвесторларға тек жер телімдері ғана емес, нарық сыйымдылығы, шикізат көлемі және қаржылық көрсеткіштері есептелген дайын жобалар ұсынылуда. Осыған байланысты аудан және қала әкімдеріне дайын талдау мен бизнес-кейстер негізінде импортты алмастыратын жобаларға инвестиция тарту тапсырылды.
Түркістан – еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы жетекші өңірлердің бірі. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрады. Облыс мақта өсіру мен өңдеу, жеміс-жидек, бақша өнімдері мен ет экспорттау бойынша республикада көш бастап келеді. Жылыжайлардың жалпы аумағы 1 007 гектарға жетіп, елдегі көрсеткіштің 72 пайызын құрайды. Сонымен қатар Түркістан облысы уран өндіру және өңдеу бойынша әлемдегі алдыңғы орында.
Өңірдің табиғи ресурстары мен минералдық қоры жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамытуға және индустриялық кластер қалыптастыруға кең мүмкіндік береді. Шикізатты терең өңдеу кәсіпорындардың табысын 3–5 есеге дейін арттыруға жол ашады. Осы мақсатта әр аудан мен қаланың ерекшелігіне сәйкес 40 инвестициялық тизер әзірленіп, инвесторларға арналған дайын бизнес-кейстер жасақталды.
Инвесторларды қолдау және жобаларды жедел іске асыру үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инженерлік инфрақұрылымы тартылған дайын өндірістік алаңдар қарастырылған. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 млрд теңгені құрайтын, 7 025 жұмыс орнын ашатын жобалар жүзеге асырылуда. Индустриялық аймақтарда 132,3 млрд теңгенің жобалары іске асуда.
Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаң салынды. Бұл бағытта 192 млрд теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылып, 5 218 жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар өңірдің барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Импортты алмастыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 176 млрд теңге болатын 31 жоба іске қосылды. Атап айтқанда, жүгеріні терең өңдеу, түрлі түсті сусындар, жіп иіру, ламинат, тоңазытқыш жабдықтары, газ қазандықтары, бірреттік ыдыс-аяқ, орау материалдары және алюминий өнімдерін шығаратын өндірістер ашылды.
Бұдан бөлек, өңірде John Deere және Lovol ауыл шаруашылығы техникалары мен дрондарын құрастыру, бояу-әрлеу материалдарын, тігін және джинс маталарын, күкірт қышқылы мен карбамид, биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер, сондай-ақ ірі қара сүйегінен май және пептон компоненттерін өндіруге бағытталған жалпы құны 280 млрд теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылуда.
2025 жылы облыс экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. Жалпы құны 340 млрд теңге болатын 58 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл осы қарқынды сақтап, тағы 1,7 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл көрсеткішке жалпы құны 369 млрд теңге болатын 67 жобаны жүзеге асыру арқылы қол жеткізу көзделуде.
Осы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 125,2 пайызға жетіп, республикада бірінші орынға шықты. 2026–2029 жылдарға арналған жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Соның нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 100 млрд теңге көлемінде салық түседі деп күтілуде.
Жоспарланған жобаларды іске асыру арқылы алдағы бес жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге арттыру көзделіп отыр. Негізгі мақсат – бәсекеге қабілетті, өндірісі өркендеген, инвестиция тартуға қолайлы және халықтың әл-ауқаты тұрақты өсетін қуатты өңір қалыптастыру.
Кездесу барысында инвестициялық тартымдылық, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен кәсіпкерлер саммит қорытындыларына қатысты пікірлерін білдіріп, өңірдің экономикалық даму перспективалары жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
Қатысушылар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.
