ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТТІҢ АШЫҚ ӘКІМДІГІ
Алдын ала бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев облыс орталығындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Ашық әрі еркін форматта өткен кездесуде өңір тұрғындары өздерін толғандырған әлеуметтік, мәдени және құқықтық сипаттағы бірқатар мәселелерді ортаға салды.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі спорт саласын дамыту, еңбекпен қамту, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және отбасылық-құқықтық мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, тұрғындардың бірі қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің 80 жылдық мерейтойына орай облыс көлемінде шығармашылық кеш өткізуді ұсынды. Бұл бастама ұлттық мәдени мұраны дәріптеп, жастардың рухани тәрбиесіне серпін беретін маңызды шара ретінде бағаланды.
Сонымен қатар бірқатар азаматтар тұрақты жұмысқа орналасу мәселесін көтеріп, тиісті мекемелер арқылы қолдау көрсетуді сұрады. Отбасы құндылықтарын сақтау мен бала құқығын қорғауға қатысты да маңызды мәселелер қозғалып, ата-ана құқығынан айыруға байланысты құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы әрбір өтініш заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты қарастырылып, азаматтарға нақты түсіндірмелер берілді.
Қабылдау барысында заманауи технологиялардың мүмкіндігі де тиімді пайдаланылды. Алматы қаласынан онлайн байланысқа шыққан азамат өз қаламынан туған кітаптарды өңір кітапханаларының қорына сатып алу жөнінде ұсынысын білдірді. Бұл бастама жергілікті әдебиетті қолдауға және оқырман қауымның сапалы туындыларға қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды ұсыныстардың бірі болды.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев тұрғындардың әрбір өтініші мен ұсынысын мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің заң шеңберінде шешілу тетіктерін жан-жақты түсіндірді. Жауапты басқармалар мен бөлімдерге нақты тапсырмалар беріліп, бақылауға алынатын мәселелер белгіленді.
Мұндай ашық қабылдаулар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Президенттің бұл саясаты мемлекеттік органдардың халықпен тікелей байланысын нығайтып, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрі тиімді жауап беру мәдениетін қалыптастырды. Соның нәтижесінде есеп беретін Үкімет пен жауапты мемлекеттік аппарат қалыптасып, ел азаматтарының сенімі арта түсуде.
Түркістан облысында да осы қағидат берік ұстанылып келеді. Әрбір тұрғынның мәселесіне бейжай қарамай, нақты шешім жолдарын ұсыну — мемлекеттік қызметтің басты міндеттерінің бірі. Ашықтық, әділдік және халықпен тұрақты диалог орнату арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Бұл — мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, елдің тұрақты дамуына негіз қалайтын маңызды қадам.
